Ақтауда маңындағы ұшақ апаты: тергеу нәтижелері қашан белгілі болады

Көлік министрі Марат Қарабаев 2025 жылғы 4 ақпанда Үкіметте өткен брифингте Ақтау маңындағы ұшақтың апатқа ұшырауын тергеу қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, мамандар қарқынды еңбек етуде.
"Біз бұл туралы Әзірбайжан Республикасынан, Ресей Федерациясынан және Бразилиядан, өндіруші ел ретінде ИКАО-дан халықаралық мамандар тартылғанын айттық. Олардың барлығы бірге жұмыс істеуде, қазір соңғы сатыда. Алдағы күндері біздің сайтта алдын ала есеп ресми түрде жарияланады деп күтеміз", – деді министр.
БАҚ өкілдері нәтиженің нақты қай күні жарияланатынын нақтылап, қайта сұрады.
"Мамандарға жұмысты аяқтау үшін уақыт қажет. Бұл өте терең, сараптамалы жұмыс. Нәтижесі шыққанға дейін қосымша түсініктеме берілмейді. Бірақ, жақын арада жарияланатынына уәде беремін. Мен таныстым, комиссия күн сайын менің басшылығыммен жұмыс істеуде, соңғы кезеңдеміз", – деді Қарабаев.
Айта кетсек, 2025 жылдың 4 қаңтарында Бразилияда мамандар Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың борт жазбаларын зерттеуге кірісті. "Қара жәшіктерді" Қазақстан Бразилияға 2024 жылғы 30 желтоқсанда жөнелтті. 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында ұшақ құлады. Бортта 67 адам болды, олардың 29-ы аман қалды. Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев құлаған ұшақтың жолаушыларын құтқару кезінде батылдық пен кәсібилік танытқан Қазақстан азаматтарының бір тобын марапаттады. Табылған қос "қара жәшік" тексеру үшін ұшақты жасап шығарған Бразилияға жөнелтілген.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз