Алматы әкімі Алмалы ауданындағы инженерлік желілерді жаңғырту жөніндегі жоспарды айтты

Алматыда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып келеді. 2024 жылы Алмалы ауданында ұзындығы 8,8 км жаңа су құбыры және кәріз желілері салынды. Бұл 21 көшедегі 1 037 абонентті сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Төле би көшесіндегі 1 500 абонентті сумен қамтамасыз ететін сорғы станциясы реконструкциядан өтті. Ұзындығы 2,7 км жылу желілері де жаңартылды.
Биыл инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс жалғасады. Ауданның 23 көшесінде қосымша 13,8 км су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, 12,2 км жылу желілерін реконструкциялау бойынша 30 жоба іске асырылады.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар тұрғындарды сапалы жылу, су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етіп, өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Алматы қаласы бойынша әкім Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2025 жылы 260 км жаңа су құбыры және кәріз желілерін салу, сондай-ақ 87 км қолданыстағы желілерді жаңғырту жоспарланған.