Жамбыл облысында полиция қызметкері қаза тапты

Бұл туралы бүгін, 12 ақпанда өңірдің ПД-нің мәлімдемесінен белгілі болды.
"11 ақпан күні сағат 19:40-та "Алматы-Ташкент" автожолының 203-шақырымында "Volkswagen Passat" маркалы автокөліктің жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып, бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан қызметтік көлікте болған екі полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарымен Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Үшкемпір Абай Бақытбекұлы 12 ақпан күні аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды",- делінген ақпаратта.
Полиция аға лейтенанты Абай Үшкемпір ішкі істер органдарында 2017 жылдың 14 желтоқсанынан бері қызмет атқарған, ал қазіргі қызметіне 2025 жылдың 6 ақпанында тағайындалған. Қызмет еткен жылдары ішінде 9 мәрте марапатталған.
Жамбыл облысы Полиция департаменті марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады.
Сондай-ақ, қаза тапқан полицейдің отбасына ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов көңіл айтты:
"Қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан Жамбыл облысы полиция департаментінің патрульдік полиция аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Абай Үшкемпірдің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасын назардан тыс қалдырмайды және қажетті қолдауды көрсетеді".
Бұған дейін Алматыдағы "Green Recycle" қалдықтарды өңдеу зауытында қоқыс сұрыптау кезінде әйелдің бөлшектелген денесі табылғандығы хабарланған болатын.