Алматыда әйелді өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған

"Криминальный Қазақстан" басылымының мәліметінше марқұм 36 жаста болған. Тергеу анықтағандай, 9 ақпанда Әлмерек ықшамаудандағы жалдамалы үйде алкогольдік ішімдік ішу кезінде әйел мен оның серіктесі арасында жанжал туындаған. Нәтижесінде ер адам жәбірленушіге бірнеше рет пышақ сұғып, одан кейін мәйітті бөлшектеп, қоқыс салатын контейнерге лақтырып жіберген.
Алматы полициясы Zakon.kz редакциясына адам өлтіру дерегі бойынша Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің полиция бөлімі қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам бірге ішімдік ішіп, жанжалдасып, азаматтық некедегі әйелін өлтірген. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр", – деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осыған ұқсас қылмыс 2025 жылдың қаңтар айының басында тіркелді. 2 қаңтарда қоқыс өңдеу зауытының аумағынан полиэтилен пакетке оралған 68 жастағы әйелдің бөлшектелген денесі табылды. Анықталғандай, 67 жастағы кейуана бұрыннан келе жатқан араздық қарым-қатынасының салдарынан әпкесіне аяусыз әрекет жасаған.