Астанада өтетін Жеңіс шеруіне 4,5 мың адам қатысады

Спикер шеру 7 мамырда Астанада "Қазақ елі" монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтеді деп жоспарланғанын атап өтті.
"Ол үш кезеңде өтеді: бірінші кезең – тарихи және заманауи бөліктерден тұратын парадтық бөлімшелердің маршы, екінші кезең – тарихи және заманауи бөліктерден тұратын механикаландырылған колонналардың маршы, үшінші кезең – ұшақтардың ұшуы. Бұл шерудің ерекшелігі – бізде соғыс жылдарындағы (сол кездегі – ред.) әскери қызметшілер сап түзеп, Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алғаш рет алаңнан өтеді. Бұл 23 бөлімше мен бригада. "Мұражайымызда сақтаулы тұрған Жеңіс туының көшірмесі Т-34 танкінде де тасымалданады", – деп қосты Виталий Адамович.
Оның айтуынша, Мәскеуге Қорғаныс министрлігінің бір парадтық бөлімшесі – десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің әскери қызметшілері, ал Минскідегі Жеңіс парадына бес адамнан тұратын ту тобы қатысады.
"Шеруді LED-экрандар арқылы барлық облыстар көрсетеді. Жалпы алғанда, қатысушылар саны артып келеді, өйткені тарихи бөлік қосылып жатыр – барлығы 4,5 мың адам қатысады. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың көрсетілімі ұйымдастырылады. Өңірлерде шерулер мен әскери техникалар шеруі болмайды, бір парад болады – ол Астанада өтеді. Бар назар елордаға аударылады, басты оқиға Астанада өтеді. Оны жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңгеге жуық қаражат жоспарланған. Бұл жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, іссапарға және әскер қозғалысына, киім тігуге байланысты шығындар", – деді Виталий Адамович.
Сондай-ақ ол Жеңістің 80 жылдығына орай 42 мың адамға мерейтойлық медаль табыстау жоспарланып отырғанын айтты. Ол ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған.
20 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстанда 120 Ұлы Отан соғысының ардагері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы жеңіске үлес қосқан 42 545 азамат тұрады. Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында 5 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарлануда. Алматылық ардагерлер де демалысқа тегін жолдама алады.