"Қош, қазақ әдебиетінің қара нары". Қаралы қауым Дулат Исабековты ақтық сапарға шығарып салды

Жерлеу рәсімі, Дулат Исабеков, Алматы, ақтық сапар , сурет - Zakon.kz жаңалық 23.02.2025 14:14 Сурет: almaty.tv
23 ақпанда Алматыда қазақ жұртшылығы классик жазушы, белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жазушылар Одағы ғимаратында өткен жазушымен қоштасу рәсіміне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізген қаралы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді, деп хабарлайды almaty.tv.

"Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабекұлы Исабековтің дүниелен өткіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!" делінген Президенттің көңіл айту хатында.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Дулат Исабекұлын ерекше қадірлейтінін, оның шығармаларымен, ұстанымдарымен жете таныс екенін, ұлт руханиятына қосқан үлесі мен қоғамдық дамудағы жасаған еңбегін бағалайтынын айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы өз Жарлығымен Дулат Исабекұлын Қазақстанның Еңбек ері атағымен марапаттағанына тоқталды.

 Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші жазушының достарына арнайы көңіл айтатынын, "бұл буын өзара әдемі әзіл мен хикаяларға толы адал достығымен ерекшеленгенін" атап өтті. 

Қаралы жиында жазушының көзі тірісінде жолдас болған үзеңгілестері, замандастары, танымал тұлғалар сөз сөйлеп, "қазақтың көркем әдебиетінің ерен қабырғасынан айырылып қалдық", десті.

"Қазақ әдебиетін Дулат Исабековсіз елестету мүмкін емес. Ол қолынан қаламы түскенше тек қазақ әдебиетіне еңбек сіңірді. Біз өз ұлыларымызды ұлықтаған, қадірлеген халықпыз. Бүкіл Қазақстан қазір қара жамылып отыр", - деді Мереке Құлкенов.

"Жарты ғасырдан астам уақыт өз шығармашалырмен күлдіре де білген, жылата да білген, ойландыра да білген ғажайып талант иесі өмірден өтті. Қазақ аман болса, талай таланттарды әкелетін шығар, бірақ Дулаттың орнын ешкім алмастырмайды", деп көзіне жас алды жазушы Төлен Әбдіков.
"Қазақ өзінің ұлы жазушысымен қоштасып жатыр. Біз, Төлен, Кәдірбек, бәріміз ұлы досымызбен қоштасып жатырмыз. Жарты ғасырдан астам иықтасып бірге жүрдік, құшақтасып өмірді бірге өткіздік. Дулаттай перзент туа қоймас, дәл Дулаттың орнын ешкім баса алмайды", - деп тебіренді жазушы Бексұлтан Нұржеке.

Қаралды жиында марқұмның жақындарына, сондай-ақ премьер-министр Олжас Бектеновтің, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың, облыс әкімдерінің көңіл айту хаттары табысталды.

Айта кетсек, 2025 жылы 22 ақпанда, жұмадан сенбіге қараған түні қазақ әдебиетінің тарланы, көрнекті драматург-жазушы Дулат Исабековтың 82 жасында өмірден қайтқаны белгілі болды. Мәдениет министрі Аида Балаева бұл қазаны ауыр қабылдағанын айтып, Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен біртуар қаламгер екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: