Семейде бұзақылардың құрбаны болған баланы ҚР ІІМ "Динамо" қамқорлығына алды

Семейде болған бұзақылық қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Қоғамның жаппай қолдауының арқасында мектеп оқушысы мен оның отбасы жалғыз емес екенін сезінді. Полиция бұл іс бойынша тергеуді жеке бақылауына алды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы жасөспірімді өз қамқорлығына алып, спорт арқылы жігерлендірмек. Динамолықтар балаға тәлімгерлік көрсетіп, сенімділігін нығайтуға, өзін қорғай білуге үйретуді мақсат тұтып отыр.
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бекторе Сұлтан Семейдегі "Динамо" спорт кешенінде жасөспірімді қарсы алып, оған жас спортшылармен бірге залды аралатып, жаттығу процесімен таныстырды.
"Біз балақай өзін ешқашан жалғыз сезінбеуі үшін бар күшімізді саламыз. Спорт – тек денені шынықтыру ғана емес, ол мінезді қалыптастырып, қиындықтарды жеңуге үйретеді. Ең бастысы – спорттық орта нағыз отбасы сияқты, сенімді тірек бола алады", - деп атап өтті департамент басшысы.
Бала, әсіресе, боксшылардың жаттығуын қызығушылықпен тамашалады. Бұл спорт түрі оған бұрыннан ұнайтын болып шықты, жасөспірім енді "Динамо" мамандандырылған жаттықтырушыларының жетекшілігімен тегін жаттығу мүмкіндігіне ие болды.
Сол күні-ақ ол алғашқы соққысын бокс грушаға бағыттап, өз күшін сынап көрді. Жаттығу соңында оған "Динамо" спорттық формасы табыс етілді.
Еске салайық, 2025 жылғы 24 ақпанда әлеуметтік желіде Семейдегі жасөспірімдердің өздерінен төмен сыныпта оқитындарды ұрып-соққаны түсірілген видео тарады.
25 ақпанда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін және Семейде жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмысты талқылағанын айтты.
Ал бүгін соққыға жығылған Семейдегі №9 мектептің директоры жұмысынан босатылғаны белгілі болды.