Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық қызу жүріп жатыр

Департаменттің 2025 жылғы 4 сәуірдегі мәліметі бойынша, далалық лагерьде дайындықтың негізгі кезеңдері аяқталды: 203 тұрғын үй шатыры, 11 шаруашылық тірек пункті, тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған 12 шатыр, жеті дала монша кешені, далалық аурухана, сондай-ақ көлік паркі мен жабдықтарды жөндеу-қалпына келтіру пункттері орнатылды.
Парадқа қатысушылардың дені қазірдің өзінде елордаға келіп, барлық бөлімшелердің біртұтас күшіне біріктіріліп, қарқынды жаттығуларға кірісті.
Биыл шеруге 24 парадтық есептоп қатысады. Қатысушылардың жалпы саны 4 мыңнан асады, оның 200-ден астамы – әскери қызметші қыз-келіншектер. Механикаландырылған лекте 300-дің үстінде жауынгерлік және арнайы техника бірлігі сап түзеп жүріп өтеді, олардың қатарында тарихи кезеңді көрсететін техника үлгілері де бар. Әуе шеруіне әр түрлі типтегі 66 ұшу аппараты қатысады.
"Парадқа дайындық қызу жүріп жатыр – қазақстандық әскердің күші мен қуатын көрсететін осынау әсерлі оқиғаны асыға күтеміз." ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қаңтардың 3-і күні "Ana tili" газетіне берген көлемді сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу 2025 жылдың мемлекеттік күн тәртібінде маңызды орын алатынын айтты. Атап айтқанда, президент Астанада әскери парад өтетінін жариялады.
Кейін 7 мамырда Астанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтетіні, оған 4,5 мың адам қатысатыны белгілі болды.
Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылдан бері әскери шерулер өткізілмеген.