Павлодар облысындағы дала өртін 220 адам сөндірді

Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің, орман шаруашылығының, Қазавиаорманкүзеті мен орманшылықтың күштері мен құралдары тартылды. Жұмысты үйлестіру ҚР ТЖМ Командалық орталығы арқылы жүзеге асырылды, сондай-ақ іс-қимылдардың жеделдігі мен дәлдігін қамтамасыз ету үшін далалық жедел штаб ұйымдастырылды.
Қатты екпінді жел, құрғақ өсімдіктер және таулы жерлердің ерекшеліктері өртті сөндіру жұмыстарын қиындатты. Құтқарушылар жергілікті өрт ошақтарын патрульдеу мен сөндіруді қоса алғанда, күндіз де, түнгі уақытта да өртті сөндіру жұмыстарын жалғастырды. Сумен жабдықтау үшін табиғи су көзі — Жасыбай көлі пайдаланылды. Өрттің периметрі бойымен жер жырту және қарауылдау жұмыстары жүргізілді. Таулы жерлердегі өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары 4 сәуірден 5 сәуірге қараған түні де жүргізілді. Операция барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен аэровизуалды барлау жүргізілді.
5 сәуір күні таңертең 20 гектар аумақта өрт сағат 09:05-те толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге 220 адам мен 63 бірлік техника жұмылдырылды.