Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық жағдайға орай пікір білдірді

Президент Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, президент қазіргі әлемдік ахуалға тоқталды.
"Көптеген сарапшылар дүние жүзі кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді. Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы "тариф майданын" ашқан соң өндіріс пен сауда тізбегінің бұзылғаны, нарықтардың құлдырап, шикізат бағамының тұрақсыздана бастағаны байқалады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз. Алайда дүрлігуге себеп жоқ екеніне сенімдімін. Біз сын-қатерлердің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз." Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалына қарамастан дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалады, -деп ойын білдірді президент.
"Кеше Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын шұғыл аяқтауды тапсырдым. Бұл қадам өсім қарқыны мен инвестиция көлемін төмендетпеуді көздейді. Бүгінде инвестиция үшін күрес үдеді. Сондықтан әбжіл қимылдауға тиіспіз. Біз барлық сын-қатерге дайын болғанымыз жөн. Жұмыстың бәрін байыппен әрі сенімді түрде атқару керек. Өздеріңізге белгілі, дағдарыстың да өз қайыры бар. Ол басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетінің бар-жоғын айқындап береді. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сыртқы ахуал түбегейлі өзгерген кезеңде ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін мұның маңызы зор", – деді Мемлекет басшысы.

Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымы дамыған ел кез келген сын-қатерге төтеп бере алатынына баса мән берді
Сондай-ақ Қазақстанның болашағы отаншыл әрі білікті ғалымдардың қолында екенін, мемлекет оларға жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.
"Біздің ортамызда майталман мамандар отыр. Арамызда бүкіл саналы ғұмырын ғылым-білімге арнаған ардагерлер мен дарынды жас ғалымдар да бар. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын", – деді Мемлекет басшысы.

Сурет: akorda.kz
Жиын соңында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады
Іс-шарада "Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері" атағы тұңғыш рет тапсырылды. Сондай-ақ бір топ жас ғалымға баспана кілті берілді.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Жұмабай Бәкенов пен Сұраған Дүрбітхан, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының кіші ғылыми қызметкері Анастасия Капытина сөз сөйледі.

Сурет: akorda.kz