Ақтаулық оқушы қыздар өмірге қауіп төндіретін ойын ойнаған

Бұл оқиға 21 сәуірде Instagram желісінде жарияланған. Lada.kz ақпаратынша, кадрлар қала мектептерінің бірінде түсірілгені белгілі болды. Желі қолданушылары оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, жағдайға қатысты жауаптылардан нақты шаралар қабылдауды талап етуде.

Сурет: lada.kz
Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқиға 18 сәуірде Ақтаудағы мектептердің бірінде болған.
"Мектептің қыздар дәретханасында 7-сынып оқушылары қатысқан қауіпті физикалық әрекет тіркелді. Қазір жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектеп психологтары да тартылды. Бұл іс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Сонымен қатар, білім бөлімі мектеп директорының әрекетіне қатысты тәртіптік шара қолданды", – деп хабарлады ведомство.
Оқушылар ойнаған "собачий кайф" деп аталатын бұл "ойын" – соңғы жылдары әлем бойынша таралып жатқан аса қауіпті әрекет. Оның мәні — жасанды түрде миға оттегіні шектеу арқылы аз уақытқа "галлюцинация" немесе "рахат сезімін" сезіну. Алайда бұл ойында ешқандай "рахат" жоқ.
"Бұл — нағыз өмірмен ойнау. Бар болғаны 10–20 секунд ішінде адам есінен танып қалуы мүмкін. Ал оттегі жетіспеушілігі (гипоксия) мидың жұмысын бұзып, ауыр неврологиялық салдарға, тіпті өлімге алып келуі мүмкін",- деп жазды басылым.
Айта кететіні, 1995–2007 жылдар аралығында АҚШ-та осындай "ойыннан" кем дегенде 82 бала көз жұмған.