Қостанайлық соғыс ардагері Илья Марьяшиннің бастан кешкендері

Илья Марьяшин Рязан облысындағы шағын ауылда дүниеге келіп, ер жетті. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небәрі 15 жаста болатын. Отан алдында жанын пида етуге бар жас жігіт 18-ге толуын асыға күтіп, 1943 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды.
Соғыста Илья Михайлович байланысшы және сапер болып қызмет етті. Оның еңбегінің арқасында танктер талай мина толы алаңдарды еңсерді. Илья Марьяшин қаншама рет өліммен бетпе-бет келсе де, бірде-бір жарақат алмаған нағыз батыр.
"Атам соғыс жайлы айта бергенді ұнатпайды. Оның тек жеңісті Польшада қарсы алғанын білемін. Алайда, оны өзге де азаматтар секілді, соғыс жалғасып жатқан Жапония аумағына жіберді. Біз атамыздың бейбітшіліктегі ерліктері жайлы көбірек білеміз",- деді Марьяшиннің немерелерінің бірі Виталий.
Ардагер Приморск әскери округінде, 39-армияның 32-ші инженерлік-саперлік полкында қызмет еткен. Ол аға лейтенант шеніне дейін көтеріліп, взвод командирі болды. Оның естеліктері бойынша, оның ең ауыр шайқастары Маньчжурияда жүргенде болған.
Өзінің саперлік жұмысының арқасында Илья Марьяшин соғыс жылдары біраз адамның өмірлерін сақтап қалды. Оны Отан соғысы II дәрежелі орденімен, "Жапонияға қарсы жеңіс үшін" медалімен, Жуков медалімен марапаттады. Сондай-ақ көптеген мерейтойлық наградалар да бар.
1953 жылы Илья Марьяшин запасқа шығарылды. Осыдан кейін аға лейтенанттың жаңа қызметі басталды – бейбіт елге қызмет ету. Көп жылдар бойы Илья Михайлович электрмонтер болып жұмыс істеді. Алдымен Рязан облысында, кейін Қазақстанда. Сондай-ақ, Марьяшин Соколово-Сарбай темір рудасы кен орнын игеру жобасына қатысқан.
Бұған дейін Алматыда ҰОС ардагерлеріне 5 миллион теңгеден төленетіндігі хабарланған болатын.