Атырау облысында 9 ауылға құмнан қауіп бар

Бірақ соңғы жылдары жұмыс тоқтаған. Мәселені теңіздің тартылуы мен құрғақшылық одан әрі қиындатып тұр. Толассыз көшкен құмның салдарынан 300-дей үйі бар Исатай ауылында жағдай күрделі. Шағын ғана елдімекен шағылдың ортасында қалып барады. Тұрғындар тіпті терезе ашудан да қалдық деп отыр.
Исатайлықтар үшін құм көшкіні өзекті проблемаға айналғалы 10 жылдан асты. Тұрғындар аулаларын өз күштерімен тазартқанмен уақыт өте келе қайта көміліп қалады. Техника да тапшы.
Құм көшкінін тоқтату мақсатында 2019 жылы арнайы бағдарлама дайындалып, ауылдарды қоршап сексеуіл егіле бастады. Олардың алды 2 метрге дейін көтеріліп қалған. Бірақ соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға тұрғындардың көңілі толмайды.
"Мен мекемелерге ренжимін. Қоршап, сексеуілді отырғызып кетеді. Ал құрғақ топырақ үргеннен кейін сексеуіл өзінен-өзі жер бетіне шығып қалады. Тамырланып үлгермейді. Ең болмағанда отырғызсын. Ағашты күтіп, баптап, тамырланып кетсе, ол әрі қарай алып кетер еді." Исабай Гинуллин, Исатай ауылының тұрғыны
Ал бұған жауаптылардың өзіндік жауабы бар. Тапсырыс беруші облыстық табиғи ресурстар басқармасы. Жоба құны 600 млн теңге. Қазір оның 340 млн теңгесі игерілген. Өткен 6 жылда облыс бойынша 76 гектардан аса алқапқа сексеуіл егілген еді, деп жазады qazaqstan.tv.
"Егілген 100 пайыздың 40 пайызы айналасында шығады деп жобамен бекітілген. Негізі 2024 жылы біз ол жерге еге алмадық. Себебі су тасқыны кезінде тұқым бақтарымыздың көбі суға кетті. Соған байланысты еге алмай қалдық. Биылғы жылы Исатай ауданында қайтадан егу жұмыстары басталады." Нұрлан Жантоқов, облыстық Табиғи ресурстар басқармасының басшысы
Егілген сексеуілдер 2 жылдан кейін ауылдық округтің теңгеріміне беріледі. Қазір жауаптылар жаңадан келетін мердігерге талапты күшейткелі отыр. Дұрыс шықпаған, жетпеген жерлеріне қосымша тұқым салуға міндеттейді. Бұдан бөлек келешекте Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарында тағы 200 гектарға сексеуіл егілмек.