Стамбұлда зілзалаға дайын емес 1,5 млн ескі ғимарат бар

Стамбұлда зілзалаға дайын емес 1,5 млн ескі ғимарат бар, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.04.2025 13:10 Сурет: pixabay
Өткен аптада Стамбұл қаласында болған қуатты жер сілкінісінен кейін Түркияда ескі ғимараттарды жаңалау жайы өзекті мәселеге айналды.

Себебі елдің қала салу министрлігі Стамбұлда зілзалаға дайын емес бір жарым миллион ескі ғимарат бар екенін жариялады. Олардың орнына жаңа үйлер салу үшін қомақты қаражат пен уақыт қажет.

Менің ту сыртымда тұрған мына үйге өткен аптада болған жер сілкінісі кезінде қатты зақым келгендіктен есігі мөрленіп, тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Стамбұлда өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары салынған дәл осындай ескі үйлер өте көп. Қуатты жер сілкінісінен кейін мұндай үйлердің тұрғындарынан ұйқы қашты. Баспаналарын жаңарту үшін мемлекет көмек берсе дейді.

Нафиз Йонер қырық жылдан бері осы үйде тұрады. 1999 жылғы жер сілкінісінде қабырғалары жарылған үйге соңғы зілзала кезінде келген зақым шамалы дейді. Алайда арнайы комиссия шешімі шыққанға дейін үйге кіруге болмайды, деп жазады qazaqstan.tv.

"Негізі үйімізді апаттық деп айтуға келмейді. Біздікінен де нашар жағдайда тұрған үйлер бар. Оның үстіне бізге еш хабар бермей, баратын жерімізді дайындамай шығарып жіберді. Заттарымызды алуға да рұқсат бермей жатыр. Егер үйіміз бұзылатын болса, мемлекет тарапынан көмек берілсе дейміз." Нафиз Йонер, қала тұрғыны

Ел билігі Стамбұлда қуатты жер сілкінісі бола қалса деп жаңа бағдарлама әзірледі. Оған сай ескі үйлерді бұзып орнына жаңасын салу үшін тұрғындарға қаржылай көмек беріледі.

"Стамбұлда бұзылуы тиіс 1 500 000 нысан бар. Бұлардың 300 мыңын тез арада бұзып жаңасын салу қажет. Қазір біздің министрліктің 94 мың жаңа ғимарат салу жөнінде дайын жобасы бар. Егер тұрғындар ескі үйлерін бұзып жаңасын салғылары келсе кеткен шығынның жартысын мемлекет өтейді." Мұрат Курум, Түркияның қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрі

Ал сейсмолог ғалым Өвгун Ахмет Ержан сейсмикалық аумақта орналасқан Ыстанбұл қаласында жақын арада қуатты жер сілкінісі болмайды дейді. Себебі осы жолғы зілзала жер астындағы энергияны азайтқан.

"Осы жолғы зілзала 13 секундқа ғана созылды. Егер 30 секундқа созылса жағдай бұдан әлдеқайда жаман болар еді. Дегенмен бұл дүмпу жер астында жиналған энергияны сыртқа шығарып, бұдан да қуатты жер сілкінісінің алдын алды. Енді бірнеше жыл мұндай күшті зілзала болмайды." Өвгун Ахмет Ержан, сейсмолог

Сейсмологтар арасында адамды жер сілкінісі емес ғимарат өлтіреді деген сөз бар. Яғни тұрған үйіңіз қаншалықты сапалы әрі берік болса, зілзаладан келер қауіп те соншалықты аз болмақ.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: