Аутизм мәселесі: 18 жасқа толған жастар қайда барады

Детский сад, детские сады, детсады, детский садик, детские садики, дети, няни, няня, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.04.2025 13:37 Фото: pexels
Елімізде 5 қана аутист жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Бүгін аутизм мәселесі жайлы өткен форумда Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова осындай дерек келтірді.

Яғни, елімізде тіркелген 17 мыңнан астам аутист балалардың білім алып, қоғамға бейімделіп, маман иесі болуына жағдай жасалып отырған жоқ.

Динара Еркін – дамуында ерекшелігі бар егіздердің анасы. Он алты жастағы Төрехан мен Дания аутист болғандықтан үйде оқытады. Жасөспірімдер түрлі үйірмелерге қатысып, кішкентай кезінен спортпен айналысады. Бірақ егіздердің мектеп бітіргеннен кейінгі болашағы белгісіз дейді анасы.

18-ден кейін қандай өмір сүреді? Немен айналысады? Қандай диагноз қояды? Аутизм бұл уақытша нәрсе емес қой. Сондықтан сұрақ көп, бірақ жауап әлі жоқ. Динара Еркінқызы, аутист егіздің анасы

Балаларын жоғары оқу орнына оқыту Динараның ғана емес, аутист баласы бар әр ата-ананың уайымы. Өйткені осыған дейін халықаралық класификаторға сәйкес, мұндай жасөспірімдер 18 жасқа толғаннан кейін психикалық ауру санатына ауыстырылатын, деп жазады qazaqstan.tv.

Яғни, аутизмнің ауыр түріне шалдыққандар шизофрения, ақыл есінде кемістігі бар деп қабылданып келді. Жағдайды реттеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі ересектер аутизмін аурулар тізіміне қосты. Алайда оларды колледж немесе университетке оқытуда түйіні шешілмеген мәселе көп.

"Елімізде 17028 балада аутизм диагнозы болса, соның 5-і ғана университетте оқып жатыр. Қалғандары не істеп жатыр деген сұрақ туындамай ма? Оқуға түсе ала ма, өзінің күнін көре ала ма деген сұрақтар бар және олар өте өзекті." Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Әуелі оқу бағдарламасын жасақтап, жоғары оқу орнында сабақ бере алатын инклюзия мамандарын даярлау керек, дейді сарапшылар.

"Әр сала бойынша бағдарлама жасау, ерекшелігі бар оқушыларды жұмыс істейтін мамандар керек. 2023 жылы 2 аутист спортшы ғана халықаралық байқауға қатыса алды. Биылдан бастап барлық өңірлерде іріктеу кезеңін өткіземіз. Мұны іске асыру үшін әуелі әрине нақты бағдарлама бекітіп алмақпыз." Айнұр Кәрібозова, сарапшы

Елімізде жыл соңына дейін ерекше балаларды қолдау туралы заң қабылдануы тиіс. Бүгінгі форумға қатысқандар жаңа құжатта ескерілуі тиіс бірқатар ұсыныстарын айтты. Олардың дені 18-ге толған аутист балаларға орталықтар ашу, ел қатарлы жұмыс істеуіне жағдай жасау туралы. Қабылданған қарар Парламентке ұсыныс ретінде жіберілмек.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: