Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ел халқының бірлігі күнімен құттықтады

Президенттің айтуынша, бұл мереке ерекше мағына мен мазмұнға толы. Біртұтас құндылықтар мен жасампаз мақсаттар біріктірген халқымыз бүгінде прогресс жолымен нық қадам басып келеді. Қазақ топырағында түрлі этнос өкілдері өзара түсіністік пен сыйластық жағдайында өмір сүруде.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді. Халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулeстігінің арқасында мемлекетіміз дамып, қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асырыла береді. Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі.
Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз.
"Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Бірлігіміз бекем, аспанымыз ашық болсын!" Қасым-Жомарт Тоқаев
2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның этникалық әртүрлілігі туралы айтты.