Сталиннің портреті, Жеңіс шеруі және АҚШ президенті: тыл ардагері өзінің естеліктерімен бөлісті

Сталиннің портреті, Жеңіс шеруі және АҚШ президенті: тыл ардагері өзінің естеліктерімен бөлісті, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.05.2025 17:00 Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Еңбек ардагері қызылордалық Елизавета Оспанова Жеңіс күнін 1945 жылғы 9 мамырда Ленинградта қарсы алған. Ал үш күннен кейін ол Мәскеуде, Қызыл алаңда болған Кеңес Одағының бүкілхалықтық денешынықтырушылар шеруіне қатысқан.

Іс-шараны Сталин ашты. Ал біздің жерлесіміз Ленинградтың Лесгафт атындағы денешынықтыру институтының делегациясын таныстырған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Соғыс жайлы естеліктер

Елизавета Оспанованың үйінде соғыс жайлы естеліктер менмұндалап тұр. Онда сол кезеңнің фотосуреттері, оның жұбайы, барлаушы, майдан шебін басып өтіп, Берлинге дейін жеткен Әбубәкір Оспановтың құжаттары, сондай-ақ, өзі кестелеп жасаған Сталиннің портреті бар.

"Ұлы Отан соғысы басталған кезде мен 14 жаста едім. Қырғызстанның Токмак қаласында тұрдым. Әкемді 1930 жылдары репрессияға ұшыратқандықтан, балалар үйінде тәрбиелендім. Анама мені және екі інімді асырау қиынға соқты. Сол кездері оның жетімдер үйінде аспаз болып істейтін танысы, біздерді сонда беруді ұсынды, өйтпегенде біз аштан өлер едік. Есімде қалғаны, біз ер жетіп қалғанда, бәрімізді акт залына жинап, қара репродуктордың алдында Сталиннің соғыс басталғаны туралы айтқан хабарламасын естідік", – дейді Елизавета Оспанова.

Осылайша, 1941 жылдың күзінде жасөспірім қызға тігін фабрикасына тазалаушы болып жұмысқа тұруға тура келді, ал бір жылдан кейін ол тігінші болып жұмыс істей бастады. Шеберлер 12-14 сағат бойы жұмыс істеген, себебі фронтқа арнап көп тапсырыстар тігіпті.

"Қатты шаршайтын едік, бірақ жұмыс орнымызда "Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!" деген плакатты көргенде барлық қиындықты ұмытып кететінбіз. Тек бір ғана тілек болды – Қызыл армияның жеңісі үшін еңбек ету. Кейбіреулер менің өмірім қиын болды деп ойлауы мүмкін. Иә, расында солай, бірақ мен шағымданбаймын, өз дәуірімді бастан өткердім, соғысты да, қирауды да, мемлекетіміздің гүлденуін де, тәуелсіздікті де көрдім", – дейді Елизавета Оспанова.

18 жасында Ленинград физкультура институты Қырғызстанға эвакуацияланды. Ол сол оқу орнына түскен. 1943 жылы мұнда әскери факультет ашылды, себебі майданға кәсіби мергендер, шаңғышылар, парашютистер қажет болды.

1943 жылдың 18 қаңтарында Ленинград қоршауы (қазіргі Санкт-Петербург) 872 күннен кейін бұзылды, ал бір жылдан соң институттың қызметкерлері мен студенттері қайта оралды. Елизавета да олармен бірге қайтты. Осыған орай, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Төрағасы Михаил Калинин әр студентке жылы шаңғы костюмін табыстады.

"Біз үшін оқу емес, еңбек күндері басталды. Қала босатылды, бірақ айнала қирандыларға, снарядтар талқандаған ғимараттарға толы болды. Жарық қосуға болмайтын еді, көшелерде дыбыстық сигналдар орнатылып, 24 сағат бойы хабарламалар берілді. Жылдам дыбыс – әуе қауіп-қатері басталды дегенді білдіреді, ал баяу дыбыс – қауіп жоқ дегенді білдіреді. Институттың негізгі ғимараты да бомбаланған. Біз институт аумағын қирандылар мен күл-қоқыстардан тазаладық. Ол кезде үскірік аяз болатын. Түнде біз көрші үйдің төбесінде орнатылған прожекторда кезекшілік еттік", – деп еске алады Елизавета Оспанова.

Оның айтуынша, студенттік кезде қиындықтарға қарамастан, алақандай бөлмеде 5 қыз тату тұрған. Тамақ жетіспейтін, нан, күріш, макарон үшін карточкалар берілетін. Тек картоп жеткілікті болыпты, себебі оны студенттер институттың оқу алаңында өздері өсірген.

Сталиннің портреті

Елизавета Оспанова Жеңіс күнін 1945 жылғы 9 мамырда Ленинградта қарсы алды, ал үш күннен кейін-ақ ол Мәскеуде болған. Мұнда 1945 жылғы 12 тамызда Қызыл алаңда Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне арналған бүкілодақтық дене шынықтырушылар шеруі өтті. Парадты Иосиф Сталиннің өзі қабылдады. Елизавета бұл шараға институт делегациясымен бірге барған еді.

"Мен Сталинді көрдім, оның жанында маршал Жуков пен болашақ АҚШ президенті Дуайт Дэвид Эйзенхауэр болды. Мен Ленин мавзолейіне жақын колоннада жүріп өттім, сондықтан мінберде тұрған адамдарды анық көрдім. Бұған дейін мен Сталинді ұзын бойлы деп ойлайтынмын, бірақ ол трибунаның арасынан әрең көрінді. Кейін, бірнеше жылдан соң, мен Берияны да көрдім. Ол 1951 жылы Семей полигонына келгенде, менің күйеуім сол жерде әскери қызметін өтеп жүрген еді. Гарнизондағы Офицерлер үйінде көрмелер өтті, онда офицерлердің әйелдері өз қолөнерлерін ұсынды. Мен Сталиннің портретін кестелеп шығардым. Бұл 8 наурыз қарсаңы болатын." – деп еске алады Елизавета Оспанова.

Сол кезде көпшілік оның кестелеген Сталинін "тірідей шыққан" деп таңдай қақты. Себебі КСРО-ның атом жобасын Берия басқарып отырғандықтан, ол жиі атом полигонының штабына келетін. Ол Елизаветаның жұмысын жоғары бағалап, мұндай еңбекті ынталандыру керек екенін айтқан. Кейін Елизавета Оспановаға осы үшін мақтау қағазы мен арнайы азық-түлік жиынтығы берілді.

Бұған дейін Ұлы Отан соғысы кезіндегі ержүрек десантшы Виктор Изюмниковтің Жеңіс күніне қалай дайындалуда екенін жазған болатынбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: