Қазақстандық науқас баланы тасымалдау шарттарын бұзған авиакомпаниядан 5 млн теңге өндіріп алды

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылды.
"Э" әуе тасымалдаушысынан талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 5 млн. теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ".Алматы қалалық соты
Талап қоюшы өзінің талап арызында, әуежай қызметкерлері, ұшақ Алматы қаласына қонғаннан кейін, оның 2019 жылы туылған, коматоздық күйдегі және жатқызылған қалыптағы науқас баласына мүгедектер арбасын ұсынған, алайда, бұл медициналық (дәрігерлік)талаптарға сәйкес келмейтіні туралы көрсеткен.
"Бұған дейінгі келісім бойынша келіп жеткен, ішінде реаниматолог- дәрігер мен талапқоюшының жұбайы болған жеке реанимобиль көлігі әуежай аумағына кіргізілмеген. Сонымен қатар, әуежай аумағынан шығу еш қажет етілмегеніне қарамастан, талап қоюшыға жедел жәрдем көлігін ұсынудан бас тартылған. Реанимобильдің орнына, ұшақтан терминалға дейін бала ауыр халдегі жолаушыларға арналмаған, тек мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды отырғызу мен түсіруге арналған арнайы техника – амбулифтпен жеткізілген. Осылайша, баланы қауіпсіз әрі медициналық(дәрігерлік) талаптарға сәйкес тасымалдау балаға қамтамасыз етілмеген",- делінген ақпаратта.
Нейрохирургтың қорытындысына сәйкес, бала қозғала алмайтын қалыпта және жатқызылған күйде болған, ал құжаттық бақылау медициналық (дәрігерлік) пункт (нүкте) арқылы жүзеге асырылуы тиіс еді.
"Э" әуетасымалдаушысы, жолаушының жағдайы жайында білге тұра, әрі тасымалдау шартының барына қарамастан, реанимобильді аймаққа кіргізу қажеттілігі туралы Халықаралық әуежайға тиісті түрде хабарламаған. Бұл ауруды тасымалдау талаптарының бұзылуына және медициналық (дәрігерлік) қызметтің тиісті деңгейде көрсетілмеуіне әкеліп соққан".Алматы қалалық соты
Сот әуе компаниясы мен әуежай қызметтері, соның ішінде шекаралық және кедендік бақылау арасында тиісті үйлестірудің болмауы баланың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін атап өтті.
"Атап айтқанда, шекаралық бақылаудан өту кезінде кератитпен ауыратын баланың көзіне жапсырылған қорғаныш таңғыштар оны суретке түсіру үшін күштеп алынған. Нәтижесінде, келесі күні бала екіжақты пневмоторакспен ауруханаға жатқызылып, ақпан айында көз жұмған". Алматы қалалық соты
Бұған дейін Алматыда аптап ыстық басталатындығы жайлы жазған болатынбыз.