Қазақстандағы репродуктивті денсаулық апталығы: нәтижелері мен болашағы

Аида Балаеваның айтуынша, 2025 жылдың 12-16 мамыры аралығында өткен акция ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен екінші жыл жүзеге асырылуда.
Одан әрі ол биылғы жылы отбасын жоспарлау, ерлер мен әйелдер денсаулығы, папилломавирус пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алу сияқты маңызды тақырыптарға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
"Апталық барысында 20 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, шамамен 500 мың адамды қамтыды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Әлеуметтік желілерде апталық хэштегтерімен 360 мыңға жуық жазба жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 1,5 мыңнан астам материал жарық көрді. Сонымен қатар 78 мыңнан астам тегін кеңес беріліп, 8 мыңнан аса ЖЖБИ/АИТВ бойынша тестілеу жүргізілді." Аида Балаева
Бұл нәтижелер — Ұлттық комиссия мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтардың бірлескен қажырлы еңбегінің арқасы.
"Науқанға белсенді атсалысқан барша әріптестерге — Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің мамандарына, сондай-ақ БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қоры (ЮНФПА), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНЕСКО сияқты халықаралық серіктестерімізге және отандық үкіметтік емес ұйымдарға — КАРМ, Saulyq LIFE, YPEER, Ұлттық волонтерлік желі мен басқа да серіктестерімізге шынайы алғысымды білдіремін." Аида Балаева
Балаева мемлекет ортақ мақсат – болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін тиімді ведомствоаралық ынтымақтастықты көрсете алғанын атап өтті.
"Тағы да баршаңызға үлкен рақмет! Ұлттық комиссия репродуктивті денсаулық мәдениетін дамыту ісін басты назарда ұстап келеді және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасады." Аида Балаева
Себебі тек ақпараттандырылған, денсаулық мәселелері жайлы ашық сөйлесе алатын әрі саналы шешім қабылдайтын қоғам ғана дені сау ұрпақты тәрбиелей алады, – деп атап өтті министр.