Балқаш маңындағы тасжолда болған жантүршігерлік жол апатынан жеті адам қаза тапты

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат Балқаш бағытына апаратын тасжолда, Ақшатау елді мекенінің маңында болған. Алдын ала деректерге сүйенсек, Kia көлігінің жүргізушісі басып озу кезінде жол белгілеріне мән бермей, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жол учаскесіне кіріп кеткен. Кейін көлік қоршауға соғылған. Соқтығысудан кейін көлік өртеніп кеткен.
Апат салдарынан көліктегі жеті жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті жүргізушілерге алыс жолға шыққанда жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңызын еске салды.