Көлеңкеден шыққан такси нарығы: Қазақстан таксистерді қалай заңдастырды

Такси, таксист, таксисты, водитель, водители, водитель такси, водители такси, таксопарк, сурет - Zakon.kz жаңалық 17.09.2025 11:41 Фото: unsplash
Қазақстанда такси нарығы бұрын-соңды болмаған заңдастыру процесін бастан өткеріп жатыр. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша бұл саладағы ресми жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер саны 93,8 мыңнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 есе көп, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мұндай көрсеткіш ойластырылған реформалардың тұтас салаларды көлеңкеден шығарып, экономиканы формализациялауға серпін бере алатынын көрсетеді.

Бірінші несие бюросының мәліметінше, ресми тіркелген жеке кәсіпкерлер санының қарқынды өсуі анық байқалады.

"Енді шамамен әрбір 220-шы қазақстандықтың (жасына қарамастан) такси саласында ресми тіркелген жеке кәсіпкерлігі бар болып отыр", – деп атап өтті Бірінші несие бюросы.

Өзгерістерге не түрткі болды?

Негізгі фактор 2023 жылдың қыркүйегінде іске қосылған платформалық жұмыспен қамту жөніндегі пилоттық жоба болды. Ол Мемлекеттік кірістер комитеті мен ең ірі такси агрегаторы арасындағы келісімнен бастау алды. 2024 жылдың 4 қыркүйегіндегі жағдай бойынша жобаға 14,7 мың жүргізуші қатысып үлгерген.

Басты ынталандырушы – 2024 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы қол қойған және 1 қыркүйектен бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістер. Бұл түзетулер таксистер үшін салық салу жүйесін түбегейлі жеңілдетті.

Енді интернет-платформалардың операторлары салық агенттері болып танылды. Бұл олардың салықтар мен әлеуметтік төлемдерді өздері ұстап қалып, мемлекетке аударуы тиіс екенін білдіреді.

Жаңа жүйе және оның артықшылықтары

Жүргізушілер үшін бұрын-соңды болмаған шара енгізілді – табыстан небәрі 4% мөлшерлеме бойынша бірыңғай салық төлеу мүмкіндігі. Бұл мөлшерлеме барлық міндетті төлемдерді қамтиды: жеке табыс салығы (ЖТС), міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), әлеуметтік аударымдар (ӘА) және міндетті медициналық сақтандыру жарналары (МӘМС).

Бұл жеңілдетілген жүйе қаржылық жүктемені азайтып қана қоймай, таксистерді ресми тіркеуден бұрын тежеуші болған бюрократиялық кедергілерді де жояды.

Сонымен қатар, жүргізушілерде таңдау құқығы сақталған: олар 4% мөлшерлемесін пайдалана алады немесе табысқа не ең төменгі жалақыға байланысты стандартты ставкалар бойынша салық төлеуді жалғастыра алады.

Маңызды жаңалықтардың бірі – жүргізуші бірнеше платформада жұмыс істейтін болса, әрбір оператор оның өз алаңында тапқан табысынан салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалуға міндетті. Бұл олқылықтарды болдырмайды және табыстардың толық ашықтығын қамтамасыз етеді, барлық жүргізушілердің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне үлес қосуын міндеттейді.

Бұл тәсіл өз тиімділігін дәлелдеді: көлеңкелі сектор ашық әрі реттелетін нарыққа айналды. Сарапшылардың пікірінше, бастаманың табысы осындай тәжірибені платформалық жұмыспен қамтудың басқа салаларында да қолдануға мүмкіндік беріп, әрі қарайғы заңдастыру мен экономикалық өсімді ынталандырады.

Бұған дейін Көлік министрлігі Қазақстанда жаңа такси агрегаторларын "енгізуді" жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: