Auyl Sport-2025: Қызылорда облысында жаңа есімдер жарқырады
Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
11 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өтетін сайыстың алғашқы кезеңінде Қызылорда облысынан 500-ден аса жас спортшы 7 спорт түрінде бақ сынады. Каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат және үстел теннисінен өткен жарыстарда 73 алтын, 73 күміс және 90 қола медаль сарапқа салынды.
Жаңақорған ауданы жеңіс туын желбіретіп, 17 алтын, 18 күміс, 5 қоламен жалпы есепте көш бастады. Қазалы жастары да намысты қолдан бермей, 16 алтын, 6 күміс, 10 қоланы қанжығасына байлады. Қармақшының өрендері 14 алтынды олжалады. Шиелі, Арал, Жалағаш, Сырдария, Шіркейлі, Талсуат, Қызылжарма және өзге де ауылдардың жастары жеңіс тұғырынан көрініп, Сыр спортының абыройын асқақтатты.
Келесі кезеңде қызылордалықтар 3-6 қарашада Алматыда өтетін республикалық финалда бақ сынайды.
"Турнирдің Сыр елінен басталуы тегін емес. Бұл өңір – талай батыр ұл мен қызды тәрбиелеп, қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылған жеңістер сыйлаған қасиетті мекен. Сол дәстүрді жалғастыру – бүгінгі жас буынның қолында. Біз ауыл жастарына спорт арқылы жаңа мүмкіндіктер беріп, оларды танытып, болашақта үлкен жеңістерге жол ашуды көздейміз. Бұл турнир – жас спортшылар үшін жаңа белестерге бастайтын алғашқы қадам, ал ел үшін – болашақ чемпиондардың дүниеге келуіне негіз болатын үлкен мектеп". Halyk қайырымдылық қоры қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов
Жергілікті билік бұл бастаманы өңір спорты үшін үлкен серпін деп бағалады.
"Сыр өңірі қашан да спорт десе, рухы асқақ елдің бірі болған. Мұнда талай чемпиондар тәрбиеленді, ал осындай турнирлер сол дәстүрді жалғастырып, жаңа есімдердің шығуына жол ашады. Біз үшін әрбір жас спортшының жеңісі – өңіріміздің абыройы, елдің мақтанышы", - деді әкімдік өкілдері.
Бокстан жарысқа қатысқан 13 жастағы Нұрдәулет толқынысын жасырған жоқ.
"Мен үшін бұл – үлкен спорттағы алғашқы қадам. Әрине, қатты толқып тұрмын. Бірақ бар күш-жігерімді салдым. Болашақта Қызылорданың атын паш еткен Қамшыбек Қоңқабаев секілді болғым келеді. Мұндай мүмкіндік сыйлағандарға көп рақмет", - деді ол.
