"КНЯЖИЧИ" ерлер хоры алғаш рет қазақ тілінде жеке концерт береді
Сурет: "Княжичи" тобының жеке мұрағатынан
Ұжымның айтуынша, көпшілікке жақсы таныс әндер арнайы ерлер хорының орындауына лайықталып жаңаша ұсынылмақ.
Бағдарламаға "Қамажай", "Отан Ана", "Су тасушы қыз", "Бәрінен де сен сұлу", "Домбыраға қол соқпа", "Самалтау" және басқа да шығармалар енген.
Концерт барысында көрермендер қазақтың халық әндері мен белгілі композиторлардың туындыларын хорлық орындауда тыңдауға мүмкіндік алады.
Топтың көркемдік жетекшісі Сергей Редькиннің айтуынша, олар алғашқы концерттен-ақ, қазақ тіліндегі әндерді орындаудың маңызы зор екенін бірден түсінген.
"Біз әр қойылымға қазақ тіліндегі 2-3 әннен қосып отырдық. Жасыратыны жоқ, бұл шығармалар өзіміздің де, халықтың да көңілінен шықты. Жүректен жүрекке жететін. Көпшілікке онсыз да таныс әуендер кәсіби музыкант Ғ.Қ. Берекешев жасаған аранжировкалармен жаңа тынысқа ие болды. Атап айтқанда, олардың қатарында, "Он алты қыз", "Гүл Алматы", "Отан ана", "Құсни-Қорлан" сынды шығармалар бар. Сондай-ақ, уақыт өте келе Алматыда концерт беру жиілей түсті, ал бірдей бағдарламамен шығу – өзімізге де, көрерменге де қызық емес еді. Сол себепті біртіндеп жаңа әндермен толықтырып отыруды жөн көрдік. Осылайша репертуарымызға "Атамекен", "Бәрінен де сен сұлу", "Кестелі орамал" сияқты жаңа туындылар енді",- деді ол.
Сергей Редькин 2024 жылы топ Астанада танымал композитор Айдос Сағатовпен бірге өнер көрсетіп, оның "Наурыз" әнін ерлер хорының орындауына бейімдеп шыққанын әрі бұл аранжировканы хордың жас музыканты, талантты әртіс Дәурен Жұмақан жасағанын мақтанышпен жеткізді.
Мұнымен қоса, өнер иесі қазақ тіліндегі жеке концерт беру идеясы қалай туындағанын да жасырмады.
"Араға уақыт салып бізде қазақ әндерінің репертуары едәуір кеңейіп, бір сәтте неге тек қазақ тіліндегі әндерден тұратын жеке концерт өткізбеске деген ой келді. Осы идеяның төңірегінде алты ай бойы тынымсыз ізденіп, ән таңдаумен айналыстық. Қазақ әндері көп, бірақ бәрін бірдей хорға лайықтап айту оңай емес. Бізге ең бастысы – әннің алдымен өзімізге ұнауы болды, өйткені оны көрерменге де шынайы жеткізу керек. Әр әнді хорға лайықтап өңдеу кәсіби аранжировканы қажет етеді. Қазақ әндерінің көпшілігі монофонды, яғни бір дауыста орындалуға бейімделген. Ал оны көп дауыста әсерлі етіп жеткізу – оңай шаруа емес",- деді көркемдік жетекші.

Сурет: "Княжичи" тобының жеке мұрағатынан
Оның айтуынша, хор үшін қазақ тілінде ән шырқау қиындық туғызбаған.
"Қазақ тілі біз үшін қиын емес. Біз бәріміз бала кезден қазақ халқының мәдениетіне қанық болып өстік. Өзім, мысалы, бұл тілді мектепте, колледжде, кейін консерваторияда да оқыдым. Ал ұжымда өнер көрсететін әртістердің жартысынан көбі – қазақ ұлтының өкілдері. Мәселен, Богдан Шевченко қазақ тілін өте жақсы меңгерген, еркін сөйлейді. Сондықтан бізде сөздердің дұрыс дыбысталуы тұрғысынан мәселе туындамады",- деді ол.
Белгілі болғандай, жобаның жүзеге асырылуына еліміздің басты мерекелерінің бірі – Республика күні де айтарлықтай әсер еткен.
"Бұл күн – осындай концертті ұйымдастыру үшін тамаша себеп. Концертте Батырхан Шүкеновтің "Отан ана", "Қайран көңіл-ай", "Гүл Алматы" сынды әндері шырқалады. Біз оларды қазіргі заманға сай жаңа әуенде, тіпті битбокс қосып, ерекше форматта жеткіземіз. Бұдан басқа да, қазақ халқына жақсы таныс көптеген әндер жаңаша тыныспен орындалады. Менің ойымша, концертке келу – Республика күнін атап өтудің тамаша жолы. Туындыларды кәсіби, қайталанбас дауыс иелері шырқайтынын ескерсек, кеш ерекше әсер қалдырары сөзсіз",- деп қорытындылады Сергей Редькин.
Айта кетейік, музыкалық кеш 26 қазан күні, сағат 18:00-де, Алматы қаласындағы Caspian University-де өтеді.