Президент: Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің негізгі бөлігіне айналып келеді

Касым-Жомарт Токаев, президент Республики Казахстан, президент РК, глава государства , сурет - Zakon.kz жаңалық 24.10.2025 13:02 Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында еліміздің экономикалық дамуы мен негізгі салалардағы жетістіктер туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын әртараптандыру мен индустриялық жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

"Біз ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз. Әсіресе көлік-логистика саласы стратегиялық бағыт ретінде дамып келеді. Қазақстан Еуразия кеңістігінің басты логистика орталығына айналуға тиіс. Бұл мақсатқа жетуге еліміздің әлеуеті де, мүмкіндігі де жеткілікті", – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, соңғы уақытта инфрақұрылым саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылған.

Өткен айда "Достық – Мойынты" теміржолының екінші желісі іске қосылып, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы атанды. Сонымен қатар биыл 13 мың шақырым автожол салынып, жөндеуден өтті.

Президент халықаралық сауда мен көлік қатынасының жаңа мүмкіндіктеріне де тоқталды.

"Қытай арқылы жүк тасымалдау әлеуеті артты. Қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдайда бұл – еліміз үшін зор жетістік", – деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әуе қатынасы саласында 36 жаңа халықаралық бағыт ашылғанын, оның ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар екенін айтты.

Өнеркәсіп пен кәсіпкерлік те тұрақты өсім көрсетіп келеді. Президенттің мәліметінше, өндіріс көлемі жыл басынан бері 7,5 пайызға артқан, ал шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға жуықтаған.

"Кәсіпкерлер еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр. Бұл – экономиканың серпінді дамуының айғағы", – деді Тоқаев.

Құрылыс саласы да қарқынды дамуда. Былтыр ел бойынша 19 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген – бұл тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады.

"Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды – 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Бұл – еліміздің экспорттық әлеуетінің артқанын көрсетеді", – деді Мемлекет басшысы.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: