Қазақстанда Mellstroy-ға іздеу жарияланды: ҚМА істің мән-жайын ашып көрсетті
Сурет: Instagram/mellstroy
Агенттік келіп түскен сауалдарға орай келесіні мәлімдейтінін жеткізді.
"Астана қаласы бойынша ҚМА департаменті Беларусь Республикасының азаматы, "Mellstroy" лақап атымен танымал блогер Бурим Андрей Александровичты (15.12.1998 ж.т.) халықаралық іздеуге жариялады".
Сондай-ақ, сот Буримға қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялағаны белгілі болды.
"Ол әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан пайдаланушыларын да нысанаға алған онлайн-казино "Mellstroy.game" платформасын заңсыз ілгерілету мақсатында ауқымды жарнамалық науқан ұйымдастырды деген күдікке ілінуде".ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Ведомство онлайн-казиноны жарнамалау үшін блогер әртүрлі ұтыс ойындары мен челлендждерді жариялағанын атап өтті.
"Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy.game атауын, казино логотиптерін және сайт сілтемелерін көрсететін видеолар түсіру ұсынылған".
Мұнымен қоса, агенттік Бурим Ресей Федерациясында тікелей эфир кезінде адамды ұрып-соққаны үшін жауапкершілікке тартылғанын, 2025 жылдың қараша айында Беларусь Республикасының Минск қалалық соты блогердің барлық платформалардағы арналары мен оның логотиптерін экстремистік материалдар деп танығанын жазды. Сонымен қатар, келесідей мәлімдеме жасады.
"Егер іздеудегі тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Астана қаласы бойынша ЭТТД-ге келесі телефондар арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 — кезекші бөлім; +7 7172 70 84 79".
Құпиялылық пен сыйақыға кепілдік беріледі.
Ведомство Қазақстан Республикасының заңнамасында құмар ойындарды жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар, заңсыз ойын бизнесіне сыбайлас болу және жәрдемдесу фактілері үшін қылмыстық жауапкершілік те көзделгенін атап өтті.
Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды заңсыз ойын бизнесін кез келген түрде жарнамалауға немесе оны ілгерілетуге қатысудың жол берілмейтіні туралы ескертеді.