QazVac авторы мен медицина саласының сарапшылары Ақтөбеде болашақ дәрігерлермен ұлттық құндылықтарды талқылады
Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты. Сондай-ақ, QazVac вакцинасының авторы, биология ғылымдарының авторы Күнсұлу Закарья, жоғары санатты нейрохирург-дәрігер, Халықаралық "Алтын скальпель" сыйлығының иегері, "Қазақстанның интервенциялық кардиологтар және рентгенхирургтар қоғамының" вице-президенті Мыңжылқы Бердіқожаев, спорт медицинасы және реабилитология саласының білгірі, халықаралық деңгейде танылған ғалым, профессор, PhD дәрежесінің иегері Елтай Рахманов сияқты тұлғалар арнайы қонақ ретінде шақырылған.
Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен жалпыұлттық құндылықтарды жастарға кеңінен түсіндіру, "Әділетті Қазақстан" идеясын дәріптеу және болашақ медицина мамандарының азаматтық жауапкершілігін арттыру.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мен қарапайым отбасыда тәрбиелендім. Әкем мен анам медицина саласында қызмет етті. "Дәрігер бол, осы университетке оқуға түс" деп, ақыл-кеңесін айтып отырды. Бірақ, мен басқа саланы таңдадым. Ата-анам берген тәрбие мені өмірде табандылыққа, жауапкершілікке және өз күшіме сенуге үйретті. Сіздерге айтпағым, әр минутты тиімді пайдаланыңыздар. Жаманнан жиреніп, жақсыны үйреніңіздер. Әрбір ісіңіз, әр қадамыңыз – арманыңызға жетудің нақты жолы. Сондықтан өзіңізге сеніңіз, талпыныңыз, күш-қуатыңызды толық пайдаланыңыз және ешқашан қиындыққа берілмеңіз. Өмірде кездесетін сынақтар мен кедергілер – сізді мықты әрі табанды ету үшін беріледі. Әр азаматтың жетістігі – еліміздің жарқын болашағының негізі екенін ұмытпаңыз", – деп өңір басшысы болашақ ақхалаттыларға жол сілтеді.
Пандемия кезеңіндегі отандық ғылым жетістігі де назардан тыс қалмады. QazVac вакцинасын жасаған ғалым, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарья "Жасампаздық пен жаңашылдық" тақырыбында сөз сөйлеп, ғылымға адалдық пен табандылықтың нәтижесі туралы тәжірибесімен бөлісті.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында бір жарым сағат отырып, отандық вакцинаның тигізер пайдасын, ғылымды дамыту жолындағы ойларымды айтып, үлкен қолдауға болдық. Жарты жыл ішінде QazVac вакцинасы өндіру үшін қаржы мен рұқсатымызды алдық. Дүниежүзіндегі бес мемлекет дайындағы вакцина қатарына біздің, отандық вакцина қосылды. Бұл – отандық ғылымның әлеуеті жоғары екенін дәлелдеген, қазақстандық ғалымдардың табандылығы мен елге деген жанашырлығының нақты көрінісі", – деді ғалым.
Сондай-ақ, 7500-ден астам күрделі ота жасаған жоғары санатты нейрохирург, халықаралық "Алтын скальпель" сыйлығының иегері Мынжылқы Сайлауұлы "Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік" құндылығы жөнінде баяндама жасады.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Әділдік пен жауапкершілік" тақырыбын халықаралық деңгейде танылған ғалым, спорт медицинасы және реабилитология саласының маманы Елтай Өтемұратұлы ашып, медицинадағы әділ шешім мен кәсіби этиканың маңызын атап өтті.
Ал "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Мәди Жұмабаев сөз сөйлеп, қоғамдағы қауіпсіздік пен заң үстемдігінің рөліне тоқталды.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мәди Жұмабаевтың сөзінше, қоғамның тыныштығы мен дамуы ең алдымен заң мен тәртіпке байланысты. Заң — мемлекеттің қабылдаған, барлық азамат орындауға міндетті ережелер жүйесі. Ал тәртіп — сол заңдардың бұлжытпай орындалуы және әрбір адамның мінез-құлқының қоғам талабына сай болуы.
Заң мен тәртіп бар жерде әділдік, бейбіт өмір мен қауіпсіздік орнайды. Қайта, заң бұзылған және тәртіп сақталмаған жағдайда анархия мен хаос пайда болады. Сондықтан әр азамат заңды құрметтеп, өз іс-әрекетіне жауапты болуы қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясында әр адамның құқығы мен бостандығы анық белгіленген. Бұл құқықтарды сақтау — мемлекеттің де, азаматтардың да ортақ міндеті. Полиция мен сот органдары заңның орындалуын қамтамасыз еткенмен, ең бастысы — әр адамның ішкі жауапкершілігі мен ар-ожданы.
Заң мен тәртіпті сақтау — елдің дамуына, халықтың әл-ауқатына және болашақ ұрпақтың жарқын өмір сүруіне кепіл болады. Қоғамда әділдік үстемдік құрған кезде ғана адамдардың бір-біріне деген сенімі артады. Сенім орнаған жерде ынтымақ, татулық және бейбіт өмір болады.
Заңға бағыну — бұл тек қорқыныштан емес, азаматтық сана мен мәдениеттің көрінісі. Әр адам заңды өз еркімен түсініп орындағанда ғана шын мәнінде құқықтық мемлекет құрылады. Бүгінгі таңда Қазақстан "Құқықтық мемлекет" ұстанымын басшылыққа алып келеді. Бұл ұстаным билік пен халықтың заң алдында теңдігін білдіреді.
Кездесу барысында медицина ғылымдарының кандидаты Вадим Медовщиков "Бірлік пен ынтымақ" тақырыбында көптілділік, сабақтастық және медициналық білім берудегі заманауи тәсілдер туралы ой қозғады.