ІІМ жүргізушілерді жедел онлайн оқыту туралы ұсыныстарға түсініктеме берді
Сурет: Zakon.kz
Ведомство мәліметінше, болашақ жүргізушілер міндетті түрде автомектепте толық оқу курсынан өтуі тиіс. Бұл курсқа теориялық сабақтармен қатар, практикалық жүргізу сабақтары да кіреді. Министрлік өкілдері жүргізу дағдыларын тек онлайн форматта толық меңгеру мүмкін еместігін атап өтті.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаевтың айтуынша, көлік жүргізу машықтары нақты жол жағдайында ғана қалыптасады. Сондықтан онлайн курстар дәстүрлі оқытуды толық алмастыра алмайды.
Сондай-ақ министрлікте автомектепті аяқтағанын растайтын қағаз түріндегі куәлікті алу талабы жоқ екені түсіндірілді. Оқу аяқталғаны туралы мәліметтер арнайы ақпараттық жүйелер арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарына электронды түрде жіберіледі.
ІІМ өкілдері жүргізушілерді даярлау сапасы жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін ескертеді. Осыған байланысты азаматтарды оқу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, күмәнді және заң талаптарына сәйкес келмейтін ұсыныстарға сенбеуге шақырды.