Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек – Президент
Фото: freepik
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек.
"Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын. Бұл жөнінде жақында "Turkistan" газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының пікірінше, банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс.
"Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін "фискальдық деректер фабрикасына" айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет". ҚР президенті
Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн екені атап өтілді.
"Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр".Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұған дейін мемлекет басшысы инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет екенін баса айтқан болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript