Қазақстанда көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақылардың жаңа мөлшері белгілі болды
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Атап айтқанда, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы 627,4 мың отбасыға тағайындалып, жалпы сомасы 49,2 млрд теңге болды. Ал наградталған аналарға төленетін жәрдемақыны 247,8 мың адам алып, оған 7,3 млрд теңге жұмсалған.
Ведомствоның түсіндіруінше, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыға бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар, сондай-ақ 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болып белгіленді.
Осыған байланысты 2026 жылы көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері балалар санына қарай төмендегідей болды:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 69 330 теңге;
- 5 баласы бар отбасыларға – 20,04 АЕК немесе 86 673 теңге;
- 6 баласы бар отбасыларға – 24,05 АЕК немесе 104 017 теңге;
- 7 баласы бар отбасыларға – 28,06 АЕК немесе 121 360 теңге;
- 8 және одан көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК-тен, яғни 17 300 теңгеден төленеді.
Сонымен қатар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған, бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен наградталған аналарға арнайы жәрдемақы қарастырылған.
Наградталған аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері:
- "Күміс алқа" иегерлеріне – 6,40 АЕК немесе 27 680 теңге;
- "Алтын алқа" иегерлеріне, сондай-ақ "Батыр ана" атағын алған және "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғандарға – 7,40 АЕК немесе 32 005 теңге.
Министрлік қосымша нақтылағандай, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға арналған барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 10 пайызға артты.
Айта кетейік, 9 ақпанда Ақордада Қазақстанның еңбек нарығы мен зейнетақы жүйесінің болашағы талқыланды. Сол кезде Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне жаңадан тағайындалған Асқарбек Ертаевты қабылдады. Министр Президентке ел тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған жоспарланған шаралар туралы баяндады.