ҚМДБ: Биыл пітір мөлшері жан басына 735 теңге
Фото: Zakon.kz
ҚМДБ мәліметіне сәйкес, 2026 жылы 19 ақпанда Қасиетті Рамазан басталады. Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ораза айт мейрамы 20 наурызда, Құрбан айт мейрамы 27–29 мамыр аралығында атап өтіледі.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.
Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.
2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:
- Бидай 2 кг – 318 теңге.
- Ұн 2 кг – 735 теңге.
- Арпа 4 кг – 514 теңге.
- Мейіз 2 кг – 6400 теңге.
- Құрма 4 кг – 12400 теңге.
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Осыған орай 2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге етіп белгіленді.
Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ.
Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді", – деді ҚМДБ төраға орынбасары.