Жаңа Конституция жобасын жалпыұлттық референдумға шығару ұсынылды

Референдум, выборы, избирательный бюллетень, бюллетень, бюллетени, избирательная урна, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.02.2026 16:40 Фото: Zakon.kz
Бүгін, 2026 жылғы 11 ақпанда, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында комиссия мүшелері негізгі заң жобасын президентке ұсынып, оны жалпыұлттық референдумға шығаруға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым аталған істі көп еңбекті талап еткен, мұқият жүргізілген жұмыс екенін атап өтті.

"Бірлесе және үйлесімді атқарылған жұмыстың арқасында қажетті құқықтық нормалар мен тұжырымдарды таба алдық. Олар жуырда азаматтарымыздың өмірін оң бағытта өзгертіп, мемлекетіміз бен қоғамымыздың жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етеді. Біз әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болып азаматтардың цифрлық құқықтарын Ата заң деңгейінде бекітіп отырмыз. Дәл осы салаларда мемлекеттер арасындағы басты бәсекелестік жүреді. Біз ашық, адал әрі өркениетті бәсекеге дайынбыз. Біздің Конституция жобамыз – бұл еркіндік, тәртіп, заңдылық және өзара жауапкершілік Конституциясы. Қазіргі нұсқада оны Президентке ұсынып, жалпыхалықтық референдумға шығаруға әбден болады деп сенемін. Біз республикалық штаб құрып, еліміздің барлық өңіріне барып, әрбір азаматпен ашық әрі сенімді диалог жүргізуге дайынбыз", – деді ол.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеп, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.

"Құжат жоғары ұйымдастырушылық әрі мазмұндық деңгейде әзірленді деп есептейміз. Әріптестеріміздің жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығару жөніндегі ұсынысын қолдаймыз", – деді депутат.

Мәжіліс депутаты, "Respubliсa" партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді және оның еліміздің ары қарай дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

"Ұсынылып отырған Конституция жобасы дайын үлгілердің көшірмесі емес. Иә, біз халықаралық тәжірибені зерделеп, кәсіби қауымдастықпен кеңестік. Алайда түпкілікті мәтін – дербес таңдауымыздың нәтижесі. Ол біздің қоғамның құндылық негіздерін бейнелейді, тарихи сабақтастықты сақтайды әрі жаңа сын-қатерлерді ескереді. Жалпы алғанда, жаңа Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – институттарды жаңартуға арналған құрал. Біз өкілеттік пен жауапкершілік арасындағы сәйкестік, стратегиялық жауапкершілік пен қоғамдық сенім қалыпты қағидаға айналатын, мықты, әділетті әрі тұрақты Қазақстанның негізін қалаймыз", – деді депутат.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов та осындай пікірде екенін білдірді.

"Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы алғаш рет Преамбула мен жалпы ережелер деңгейінде мемлекеттік дамудың іргелі бағдары ретінде "Әділетті Қазақстан" құндылығын белгіледі. Әділетті Қазақстан қағидаты Қазақстан Халық партиясы толық қолдайтын әлеуметтік әділеттілікті білдіреді. Әділетті Қазақстан – "Заң мен Тәртіп" қағидатын сөзсіз ұстанатын ел; тең мүмкіндіктер елі, кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтар елі. Жаңа Конституцияның жобасы – өткен кезең мен бүгінгі басымдықтарды түсіне отырып, Қазақстанның болашақтағы жаңа бағдары туралы шешім қабылдаған халықтың бірлігі мен біртұтастығының белгісі деп айтуға болады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз жаңа Конституцияның жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамыз", – деді ол.

Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің әлеуметтік сипатын күшейтіп, саясаттың өзегіне адамды қоя отырып, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Ата Заң жобасын қолдау жөніндегі ұстанымы мен дәйектерін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов мәлімдеді.

"Қоғамдық бірлестіктердің қызмет ету еркіндігін бекіту және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу аясын кеңейту – нағыз азаматтық қоғамды дамытуға жол ашады. Мұндай қоғамда кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар мен бастамашыл топтар еңбек адамдарының, жастардың және әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың мүдделерін еркін қорғай алады. Бұл – тең мүмкіндіктер мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарымен тікелей байланысты", – деді ЖСДП төрағасы.

Жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірген мемлекеттік кеңесші, комиссияның орынбасары Ерлан Қарин құжаттың екі апта бұрын жарияланып, қызу талқыланғанын тілге тиек етті. Осы аралықта азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Бұл Конституция мәтіні жан-жақты талқылаудан өткенін, қоғам тарапынан үлкен қызығушылық болғанын және азаматтардың барынша белсенді болғанын айғақтайды, – деп айтты Ерлан Қарин.

"Азаматтардан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті, бұл олардың белсенді қызығушылығын көрсетеді. Соның нәтижесінде Негізгі заң жобасына жаңа нормалар, сондай-ақ стилистикалық және грамматикалық түзетулер енгізілді. Жалпы, азаматтардан түскен барлық ұсыныстар Конституция жобасында ескерілген. Жобаны шын мәнінде халықтық деп атауға болады", – деді ол.

Конституциялық Соттың Төрайымы – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрайымы Эльвира Әзімова Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы бойынша жүргізілген жұмыстың алдын ала қорытындысын шығарды. Комиссия мүшелері мен азаматтардың пікірлерін ескере отырып, ол Ата Заңды республикалық референдумға шығаруды ұсынды.

"Осыған байланысты, комиссия мүшелерінің және азаматтардың көпшілігінің пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның пысықталған жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын. Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, Конституциялық комиссияның миссиясы өз мәресіне жеткен боп саналады. Жаңа Ата Заң әділеттілік, тұрақтылық және қоғамдық сенімнің берік негізіне айналуы тиіс. Ол мемлекеттілікті нығайтып, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, еліміздің дамуының сенімді бағытын айқындайды", – деді ол.

2026 жылғы 7 ақпанда мемлекеттік кеңесші, комиссияның орынбасары Ерлан Қарин еліміздің Негізгі заң жобасын жалпыұлттық деңгейде талқылаудың маңыздылығын түсіндірген еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: