Қазақстан ресейлік автокөліктерге утиль алымды айна қағидасымен арттыруы мүмкін
Фото: Zakon.kz
Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026 жылғы 10 наурызда Үкіметтегі брифингте ресейлік автокөліктерге утилизациялық алымды арттыру мүмкіндігінің себептерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистердің айтуынша, жақында Қазақстанның Экология министрлігі ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында ресейлік көліктерге утильалым мөлшерін бірнеше есе арттыруды ұсынған. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігінің ұстанымы сұралды.
Министрдің сөзінше, құжатқа әзірге қол қойылмаған және ол екі ведомствоның – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Экология министрлігінің бірлескен бұйрығы болып табылады.
"Бұл жерде ресейлік нарыққа қатысты жаңа талап енгізіп отырған жоқпыз. Біз тек айна қағидасын қолданамыз. Яғни екі елдің нарығында тең қолжетімділік болуы керек: біздің көліктер Ресей нарығына қалай кірсе, ресейлік көліктер де біздің нарыққа солай кіруі тиіс. Өздеріңіз білесіздер, Ресейде біздің автокөліктерге утильалым бірнеше есе, тіпті ондаған есе көтерілген. Оның үстіне жыл сайын өсіп отыратын прогрессивті шкала енгізілген", – деді министр.
Оның айтуынша, 2029–2030 жылдарға қарай Ресейдегі утильалым мөлшері өте жоғары деңгейге жетуі мүмкін.
"Сондықтан біздің ұстанымымыз айқын: біз Ресей Федерациясының шарасына айна ретінде жауап береміз. Бұл отандық автокөлік өндірісін дамыту үшін де қажет. Сонымен қатар статистика бойынша Ресейден Қазақстанға келетін көліктер саны аса көп емес, сондықтан автомобиль бағасының күрт өсуі болмайды. Мен бұл шешімді қалыпты нарықтық механизм деп санаймын", – деді Нағаспаев.
Министрдің айтуынша, ресейлік импорт Қазақстан нарығында шамамен 3,7% ғана құрайды, сондықтан айтарлықтай қауіп жоқ.
"Қазақстанда көлік таңдауы жеткілікті. Мысалы, ресейлік автокөліктер – "Нива" немесе "Лада". Бірақ қазір көптеген қазақстандықтар Қазақстанда құрастырылған автокөліктерге және қытайлық брендтерге де назар аудара бастады. Бағасы мен техникалық мүмкіндіктері, интерьері жағынан олар кей жағдайда ресейлік автокөліктерден жақсырақ. Сондықтан бұл шараны қолдаймын. Бұл ерекше шешім емес, жоғарыда айтқанымдай, тек айна қағидасы бойынша қабылданған шара", – деді министр.
Бұған дейін Астанада жерасты тоннельінде болған "ерекше" жол апатының мән-жайы белгілі болғанын жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript