Қазақстанда айына 3,6 млн теңгеге дейін кімдер табыс таба алады
Фото: Zakon.kz
Министрліктің мәліметінше, Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 99 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 124,9 мың түйіндеме орналастырған.
Қаңтар айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7%-ға (-3,7 мың) азайды, ал жарияланған түйіндемелер саны бұдан да айтарлықтай – 23,1%-ға (-37,5 мың) қысқарды.
Салалық құрылымда сұраныстың ең үлкен бөлігі дәстүрлі түрде әлеуметтік сала мен қызмет көрсету секторына тиесілі. Көш бастап тұрған – білім беру саласы, мұнда 26,9 мың бос жұмыс орны жарияланған. Сондай-ақ өзге де қызмет түрлеріне – 14,6 мың, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,4 мың, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 8,6 мың бос жұмыс орнына елеулі сұраныс байқалады. Жалпы алғанда, осы бағыттар еңбек күшіне деген сұраныстың негізгі бөлігін қалыптастырады.
Бос жұмыс орындарының біліктілік құрылымында орта біліктілікті талап ететін жұмыс орындары басым – олар барлық вакансиялардың 44,2%-ын құрайды. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындарының үлесі 34,4% болса, біліктілікті талап етпейтін еңбекке сұраныс 21,4%-ға жетеді.
Өңірлік бөліністе ең көп бос жұмыс орны Павлодар облысында – 8,1 мың, Астана қаласында – 7,8 мың, Түркістан облысында – 7,4 мың, Қарағанды облысында – 6,6 мың және Алматы қаласында – 6,3 мың вакансия тіркелді.
Еңбек ұсынысы жағынан жұмыс іздеуде Түркістан облысының тұрғындары белсенділік танытты: 16,8 мың түйіндеме (13,4%). Сондай-ақ Астана қаласында – 10,2 мың (8,2%), Алматы облысында – 9,5 мың (7,6%) және Алматы қаласында – 9,2 мың (7,4%) түйіндеме жарияланды.
Жас құрылымында жұмыс іздеушілердің ең белсенді тобы – 35 жасқа дейінгі жастар, олардың үлесіне барлық түйіндеменің 42,3%-ы тиесілі. 35–44 жас аралығындағы үміткерлер – 26,7%, 45–54 жас аралығындағылар – 19,8%, ал 55 жастан асқандар – 11,2%.
Гендерлік құрылымда әйелдердің үлесі біршама басым: олар барлық түйіндемелердің 54,6%-ын құрады, ал ерлердің үлесі – 45,4%.
Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс іздеушілер арасында орта білімді мамандар барлық түйіндеменің 41%-ын құрады. Жоғары білікті мамандар шамамен 31%-ды құраса, біліктілігі жоқ жұмысшылардың үлесі 28%-ға жетеді.
Ақпан айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы мұнай және газ кен орындарын игеру жөніндегі инженер-әзірлеуші лауазымында (шамамен 3,6 млн теңге), құрылыс саласындағы жобаның бас технологы (шамамен 2,8 млн теңге), сондай-ақ материалтану технигі (шамамен 2,2 млн теңге) бойынша тіркелді.
Жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы күтілімдері ұшқыштарда (шамамен 3,3 млн теңге), инвестициялық жобалар жөніндегі директорларда (шамамен 2,1 млн теңге), сондай-ақ оқу курстарын әзірлеушілерде (шамамен 2 млн теңге) байқалды.
Жалпы алғанда, ақпан айында Enbek.kz Электрондық еңбек биржасындағы еңбек нарығы жыл басымен салыстырғанда белсенділіктің біршама төмендеуімен сипатталды. Дегенмен сұраныс құрылымы тұрақты: жұмыс берушілердің негізгі қажеттілігі әлеуметтік салада, қызмет көрсету секторында және жұмысшы мамандықтарында шоғырланған. Ал еңбек ұсынысы жағынан елдің оңтүстік өңірлерінен келген жұмыс іздеушілер мен жастардың жоғары белсенділігі сақталуда.