Депутат Снежанна Имашева жаңа қызметке тағайындалды
Сурет: Instagram/snezhannaimasheva
Бұл туралы 2026 жылғы 13 наурыздағы Ақорда баспасөз қызметінің ресми хабарламасында айтылды.
Мемлекет басшысының өкімімен Снежанна Валерьевна Имашева Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды, – делінген хабарламада.
Снежанна Имашева 1981 жылғы 20 сәуірде Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2001 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы "Тұран Әлем Банкі" АҚ Аксай филиалының бөлшек несие бойынша маманы болып бастаған. Кейін нотариустың көмекшісі, юрисконсульт және әртүрлі компанияларда сату қызметінің басшысы қызметтерін атқарған.
2011–2016 жылдары "Батыс Энергоресурсы" ЖШС директоры болып жұмыс істеген.
2016 жылдан бастап "Нұр Отан" партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты болып сайланған. Сол кезеңде Заңнама және сот-құқық реформасы комитетінің мүшесі болған.
2021 жылы VII шақырылымға қайта сайланып, сол комитеттің хатшысы қызметін атқарған, ал 2023 жылдан бастап оның төрағасы болды.
Саяси кеңестің мүшесі, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары комиссиясының құрамында жұмыс істейді.
2023 жылғы 28 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болып табылады.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 11 наурызда Қазақстанның қорғаныс министрінің жаңа орынбасары тағайындалды. Ол – Алмаз Джумакеев, бұған дейін Құрлық әскерлерінің десант-штурм бөлімшелерін басқарған командир болған.