Атырау облысында ғасыр жасаған кейуаналар дауыс берді
Сурет: Атырау облысы әкімдігі
Индер және Жылыой аудандарында жүз жасаған тыл ардагерлері дауыс беріп, ел тағдырына қатысты маңызды шешімнен шет қалмайтындарын көрсетті.
Индер ауданында 1926 жылы дүниеге келген тыл ардагері Еркеш Жексенғалиева референдум барысында өз таңдауын жасады. Ол өмір жолында еңбекқорлығымен, табандылығымен елге үлгі болған жан.

Сурет: Атырау облысы әкімдігі
Еркеш апа еңбек жолында Доссормұнайгаз мекемесінде мұнай жинақтау және айдау учаскесінің машинисі болып қызмет атқарған. Еңбек майданына ерте араласқан ол небәрі 14 жасынан бастап Атырау қаласы мен Индербор арасында ат жегіп, бөшкемен май тасып, ауыр еңбекпен елге қызмет еткен.

Сурет: Атырау облысы әкімдігі
1949 жылы Берниязов Мансарай атамен шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасы құрды. Ерлі-зайыптылар үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Еркеш апаның үлкен әулеті қалыптасқан: 14 немере-жиені, 37 шөбересі бар.
Индер ауданында тағы бір ғасыр жасаған кейуана – Мұқанқызы Моншақ та референдумға қатысып, өз дауысын берді. Ол 1926 жылдың 1 маусымында дүниеге келген. Қария елдегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, азаматтық белсенділік танытты.

Сурет: Атырау облысы әкімдігі
Ал Жылыой ауданы тұрғындары да дауыс беру науқанына белсенді қатысуда. Референдумға қатысқандардың қатарында жуырда ғана 100 жасқа толған тыл ардагері Унзира Әбілғазиева бар.
Ақжаулықты ана денсаулығына байланысты дауыс беру үшін учаске мүшелерін үйіне шақырды. Осыған орай "Кең Жылыой" мәдениет үйі ғимаратында орналасқан №94 референдум учаскесінің мүшелері қарияның үйіне арнайы барып, дауыс беру рәсімін заң талаптарына сәйкес ұйымдастырды.

Сурет: Атырау облысы әкімдігі
Ғасыр жасаған ардагер үшін ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерден шет қалмау – азаматтық борыш. Қарияның айтуынша, әрбір азамат елдің ертеңі үшін өз таңдауын жасап, қоғамдық маңызы бар науқанға қатысуы тиіс.
Атырау облысының әр ауданында өтіп жатқан референдумда аға буын өкілдерінің белсенділігі ерекше байқалады. Ұзақ ғұмыр кешкен ардагерлердің ел болашағына бейжай қарамай, дауыс беруге қатысуы жастарға үлгі болып отыр.
Өмірін еңбекпен өрген қариялардың азаматтық ұстанымы – ел бірлігі мен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Референдум барысында осындай өнегелі жандардың қатысуы қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың нығая түсуіне ықпал етеді.