"Халық үні" растайды: Учаскелердегі дауыс беру барысы Орталық комиссияның деректеріне сай келеді
Сурет: ҚР ОСК
Журналистердің алдында саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, Нұргелді Әбдіғаниұлы, Дос Көшім мен қоғам мүшесі Бекнұр Қысықов сөз сөйледі.
Сарапшылардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар тобын құру бастамасы жаңа конституция жобасының алғашқы нұсқасы жарияланғаннан кейін бірден пайда болған. Бұл идеяны саясаттанушы Нұрболат Нышанбай ұсынған, оны қоғамдық белсенділер мен азаматтық қоғам сарапшылары қолдапты. Топтың негізгі міндеті — 15 наурызда өткен дауыс беру процесіне қоғамдық бақылау жүргізіп, рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мен ықтимал заңбұзушылықтың алдын алу болған.
Бір ай бойы дайындық жүргізіліп, әр қаладан еріктілер қабылданып, оқыту жағы мен нұсқаулықтар ұйымдастырылды. Қатысушыларға сайлау заңнамасының нормалары мен қоғамдық бақылау ережелерін түсіндірді.
Референдум күні "Халық үні" тобының шамамен 2 мың бақылаушысы Қазақстанның 11 қаласындағы учаскеде жұмыс істеді. Олардың қатарында Алматы, Тараз, Түркістан, Орал, Қонаев пен Талдықорған қаласы бар. Бақылаушылар учаскелердің ашылған сәтінен бастап дауыс беру аяқталғанға дейін болып, рәсімдердің сақталуын бақылап, бәрін тіркеп отырды.

Сурет: ҚР ОСК
Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар топтарын қалыптастыру қоғамдағы саяси мәдениетті дамытып, институционалдық сенімді нығайтуға ықпал етеді. Енді барлық ұсыныстарды талдау үшін Орталық референдум комиссиясына жолдамақ.
Сарапшы топтың қорытындысы жалпы алғанда Орталық референдум комиссиясы жариялаған ресми ақпаратпен сәйкес шыққанын айтты.
Баспасөз конференциясындағылар Астана, Алматы мен Шымкент сияқты ең үлкен қалалардағы учаскелерде тәуелсіз бақылаушылардың болуы қоғамдық бақылаудың маңызды элементіне айналғанын айтты. Олардың пікірінше, бұл дауыс беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси науқанға деген сенімін арттыруға мүмкіндік берген.

Сурет: ҚР ОСК
Кездесу соңында топ өкілдері бастаманың негізгі мақсаты — қоғамның сайлау рәсіміне деген сенімін нығайтып, азаматтық қатысу мәдениетін дамыту екенін атап өтті. Баспасөз конференциясы қоғамдық бақылаудың алғашқы қорытындысын шығарып, маңызды саяси процестің ашықтығын қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның рөлін талқылайтын алаңға айналды.
Алматыда өткен референдум кезінде соншалықты заңбұзушылық тіркелген жоқ, дауыс беруді ұйымдастыру айтарлықтай жақсарғанын байқадық. Жазушы, экономист әрі қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов осылай деп отыр. Ол тәуелсіз бақылаушыларды оқытып, өзі де қаладағы дауыс беру барысын бақылапты.
Оның айтуынша, референдумды бақылауға Қазақстан бойынша "Халық үні" қоғамдық бірлестігінен дайындықтан өткен еріктілер екен.

Сурет: ҚР ОСК
"Бүкіл Қазақстан бойынша біздің коалиция мен бастама аясында шамамен екі мыңдай адам байқаушы ретінде қатысты. Бұлар ақша үшін емес, өз еркімен келген жастар болатын. Себебі олар ел өміріндегі осы маңызды кезеңге қатысқысы келді. Біз оларға тренингр өткізіп, байқау ережелері мен құқықтық нормаларды түсіндірдік. Нәтижесінде олар жеткілікті жоғары дайындық пен кәсібилік деңгейін көрсетті", – деді Бекнұр Қисықов.
Ол елдің әр өңірінде сайлаушылардың қатысу белсенділігі айтарлықтай айырмашылық көрсеткенін атап өтті. Кейбір облыста ол 87–90%-ға дейін жетсе, Алматыда шамамен 33% болған.
"Алғаш қарағанда 33% аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ қаланың үлкен екенін де ескеру керек: мұнда адамдар мобильді әрі саяси процестерге көзқарасы басқаша болуы мүмкін. Сондықтан Алматы үшін бұл көрсеткіш те маңызды деп айтуға болады", – деп түсіндірді.
Бекнұр Қисықовтың айтуынша, бақылаушылар жекелеген даулы жағдайларды тіркеген. Көбіне олар учаскедегі онлайн-трансляциялар, бюллетеньдерді суретке түсіру немесе дауыс беретін күні әлеуметтік желіде үгіт жазу сияқты нәрселер болған.
"Қазір блогерлер мен әлеуметтік желінің белсенділері кейде учаскенің өзінде өз позициясын білдіруге тырысады. Кейбір адамдар бюллетеньді суретке түсіріп, интернетке жариялаған жағдайлар болды, алайда бұған тыйым салынған. Сондай-ақ онлайн-трансляциялар бойынша да даулар туындады: заңда бұл нақты жазылмағанымен, мұндай әрекет дауыс беру құпиясына кедергі келтіруі мүмкін деген ереже бар. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде біраз келіспеушілік болды", – дейді ол.
Бекнұр Қисықовтың сөзінше, Алматыда бақылаушылар бюллетеньдерді жаппай тастау сияқты елеулі заңбұзушылықты тіркемеген. Сайлауды ұйымдастыру жағы жетіліп келе жатыр.
"Алдыңғы науқанмен салыстырсақ, ұйымдастыру деңгейі артқан. Учаскелерде ақпараттық стендтер, байланыс деректері, схемалар, жәшіктердің орналасуы – бәрі стандартқа сай рәсімделген. Тіпті материалдардың геометриясы мен орналастырылуы сияқты ұсақ-түйекке дейін кәсіби жасалған. Жалпы алғанда, дауыс беру тыныш өтті", – деп қосты Бекнұр Қисықов.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтті. Елде 10 388 сайлау учаскесі жұмыс істеді, ал шетелдегі Қазақстанның 54 елдегі дипломатиялық мекемелерінде 71 учаске ұйымдастырылды. Сайлаушылар тізіміне 12 461 796 адам енгізілген болатын. Дауыс беру процесіне 9 миллионнан астам адам қатысты, олардың шамамен 8 миллионы "қолдаймын" деп дауыс берді. Референдум заңды және нәтижелі өткен деп танылды.