Қазақстан Ресеймен шекарадағы өткізу пунктін уақытша жапты
Сурет: gov.kz
Бұл туралы 2026 жылғы 27 наурызда Ресейдің "Росгранстрой" федералдық мемлекеттік қазыналық мекемесі мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, Қазақстан аумағындағы Берсуат өзенінің тасуына байланысты 27 наурыздан бастап іргелес "Желқуар" автомобиль өткізу пункті (Ресей жағында – "Мариинский") арқылы адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді өткізу уақытша тоқтатылған. Осыған байланысты Ресейдің Челябинск облысындағы "Мариинский" өткізу пункті арқылы қозғалыс та шектелді.
Жолаушыларға мемлекеттік шекарадан өтуді жоспарлау кезінде осы жағдайды ескеру ұсынылады.
Айта кетейік, 27 наурызда Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары су тасқынының шарықтау шегі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалып жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Абай облысындағы жағдай бақылауда.