Алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа түріне көшті
Фото: Zakon.kz
Алаяқтар жалған парақшалар мен нөмірлерді пайдаланып, қызметкерлерге телефон арқылы немесе мессенджерлер арқылы хабарласады. Олар деректердің таралуы немесе қаржының ұрлану қауіпін сылтауратып, жағдайды әдейі күрделендіріп көрсетеді. Жедел әрекет етуді талап етеді және психологиялық қысым жасайды.
Осыдан кейін азаматтарға “мамандар” немесе “құқық қорғау органдарының қызметкерлері” хабарласатыны айтылып, олардың нұсқауларын бұлжытпай орындау талап етіледі.
Салдарынан алаяқтар адамдарды ақшасын алып, оны “қауіпсіз шоттарға” аударуға көндіреді. Қаражат қолға түскен соң, байланыс бірден үзіледі.
Қаскүнемдер заманауи технологияларды кеңінен қолданады. Атап айтқанда, нөмірді ауыстыру, дауысты өзгерту сияқты тәсілдермен азаматтардың сеніміне кіріп, қырағылығын төмендетуге тырысады.
ІІМ банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтіндігін ескертеді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және күмәнді жағдай туындаса, дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.
Бұған дейін Астанада мигранттарды жемқорлық көзіне айналдырған топтың жолы кесілгенін жазғанбыз.