Ақмола облысында бейтаныс адам мешіттегі қайырымдылыққа жиналған ақшаны ұрлап кеткен
Фото: Zakon.kz
Ақмола облысында мешіттегі қайырымдылық қаржысын жымқырған күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға биылғы наурыз айында облыс аумағындағы ауылдардың бірінде тіркелген. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, бейтаныс адам мешіт ғимаратына жасырын кіріп, адамдардың жоқ сәтін пайдаланған. Күдікті арнайы құралдың көмегімен садақа жәшігін бұзып, ондағы ақшаны иемденіп кеткен. Салдарынан 800 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
"Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері бірден жедел-іздестіру шараларына кірісті. Бірнеше аптаға созылған мұқият жұмыс барысында күдіктінің жеке басы анықталып, оның жүріп-тұру бағыты жан-жақты зерделенді. Сондай-ақ бұрын осындай қылмыстар үшін жауапқа тартылған тұлғалар тексеруден өтті", – делінген хабарламада.
Жүргізілген кешенді іс-шаралардың нәтижесінде күдікті елорда аумағында ұсталды. Ол — бұған дейін де ұрлық деректері бойынша жауапкершілікке тартылған 40 жастағы азамат екені белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, сонымен қатар оның өзге өңірлерде жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript