Қызылордада полицейлер жоғалған жылқыларды тауып, иесіне қайтарды
Фото: Zakon.kz
Сыр өңірінде мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері ветеринария саласымен бірлесіп, құжатсыз төрт түлік малды тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың жоқтығын анықтау үшін рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу фактілерін де тексеруде. Аталмыш іс-шара барысында полиция қызметкерлері жоғалған малды тауып, иесіне қайтарды. Оқиға өткен жылдың қараша айында Жалағаш ауданындағы ауылдық округтердің бірінде орын алған.
Мал иесі өзінің жайылымға жіберілген малдарының қайта оралмағанын байқап, дереу полицияға хабар берген. Хабарлама түскен уақыттан бастап полиция қызметкерлері тынымсыз жедел іздестіру шараларын жүргізді. Арнайы топ құрылып, жақын маңдағы жайылымдар, қыстақтар мен жолдар тексерілді.
Жоғалған малды іздестіру шаралары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Мал иелері де іздестіру шараларына белсене қатысып, өздерінің малын іздеуге атсалысты.
Үздіксіз жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сәуір айында Жалағаш аудандық полиция бөлімінің Қаракеткен ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны А. Нұрмаханов ауыл тұрғынына тиесілі жоғалған 5 бас жылқыны тауып, иесіне қайтарды.
Мал иесі кәсібилік пен табандылықтың үлгісін танытқан полицейлерге ризашылығын білдірді. Полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп, тұрғындарға бірқатар маңызды кеңестер беруде.
Тұрғындар малдарын түгелдей сырғалатып, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі қажет. Сондай-ақ малдарды жайылымға қараусыз жібермей, пада ұйымдастырып, жайылымдардағы бақылауды күшейту ұсынылады.
"Мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр. Алайда, бұл жеткіліксіз. Төрт түлігін түлетіп, содан ризығын айырып келе жатқан өңір тұрғындары жауапкершілік танытулары қажет", — дейді полицейлер.