Қазақстанда сел қауіпсіздігін күшейту және алдын алу жүйесін жетілдіру ұсынылды
Фото: Zakon.kz
Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында көктемгі селге дайындықты күшейту жөнінде берген тапсырмасын еске салды. Президент табиғи апаттарды болжауда цифрлық технологияларды тиімді әрі жүйелі қолданудың маңызын атап өткен болатын.
Мәліметке сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағында 17 сел оқиғасы тіркелген. Олардың барлығы "минималды әсер" санатына жатқызылғанымен, қолданыстағы талдау жүйесінде бірқатар олқылықтар бар екені айтылды. Атап айтқанда, сел қаупін бағалау деректері көбіне жалпылама сипатта беріліп, елді мекендердің осалдығы мен тәуекел деңгейін нақты айқындауға арналған егжей-тегжейлі мәліметтердің жетіспейтіні көрсетілді.
Сондай-ақ инженерлік қорғаныс инфрақұрылымының дамуы баяу жүріп жатқаны айтылды. Соңғы жылдары тек Алматыдағы "Аюсай" селден қорғау бөгеті іске қосылған, алайда бұл сел қаупі жоғары өзге өңірлердің қажеттіліктерін толық қамтымайды.
Цифрландыру бағытында "Қазақстан Ғарыш Сапары" арқылы геоақпараттық мониторинг жүргізіліп жатқанымен, жасанды интеллектке негізделген кешенді болжау жүйелері, сенсорлық деректерді бірыңғай аналитикалық платформада біріктіру және үлкен деректерді өңдеу тетіктері жеткіліксіз екені атап өтілді. Сонымен қатар кейбір сенсорлардың маусымаралық кезеңде уақытша ажыратылуы үздіксіз бақылауға кедергі келтіреді.
Төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелерінің халықты қамту деңгейі шамамен 50,5% екені айтылып, бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екені атап өтілді.
Халықаралық тәжірибе ретінде Жапония мен Швейцариядағы кешенді мониторинг, модельдеу және толық автоматтандырылған ескерту жүйелері мысалға келтірілді.
Осыған байланысты Үкіметке сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарлама әзірлеу, қорғаныс инфрақұрылымын күшейтуге аудит жүргізу, халықты 100% ескерту жүйесімен қамту және жасанды интеллектке негізделген болжау жүйелерін енгізу ұсынылды.
Қабылданған шаралар туралы белгіленген мерзімде жазбаша хабарлау сұралды.