Алматыда толассыз жауын-шашынға байланысты қызмет тәулік бойы жұмыс істеп жатыр
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл туралы қаланың коммуналдық инфрақұрылым басқармасы мен тұрғын үй инспекциясының өкілдері хабарлады.
"Қазгидромет" ұсынған мәліметке сәйкес, 16 сәуір күні қалада 29 мм жауын-шашын түскен, бұл айлық норманың шамамен төрттен бірі. Осыған байланысты қалалық қызметтер мен мердігер ұйымдардың тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Жедел әрекет ету үшін 104 бірлік арнайы техника, 74 мотопомпа және 12 ассенизаторлық көлік жұмылдырылды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 425 жол қызметкерінен тұратын 75 жедел бригада құрылды. Сонымен қатар 2,3 мыңнан астам құм салынған қап дайындалды.
Қосымша түрде қалалық Құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері кезекшілікке тартылған. Бір тәулікте жұмысқа шыққан жол жұмысшыларының жалпы саны 2710 адам болып, 1200-ден астам арнайы техника пайдаланылуда.
Күні бойы арық жүйелерінің бітелуі мен жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты кейбір аумақта су жиналу деректері тіркелді. Барлық мұндай учаске жедел түрде қалпына келтірілді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су басу қаупінің алдын алу мақсатында коммуналдық қызметтердің жұмысы тәулік бойы, оның ішінде түнгі уақытта да тоқтаусыз жалғасып жатыр. Жағдай жіті бақылауда.