Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық қызметтердің дайындығы күшейтілді
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Қазгидромет" деректеріне сәйкес, 23 сәуір күні сағат 15:00-ден бастап жауын-шашын түседі, ал 17:00-ден кейін кей тұстарда нөсер жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін жетеді.
24 сәуірде де жаңбыр, кей жерде нөсер жауын жауып, найзағай ойнайды. Ал 25 сәуірде күн құбылмалы, өткінші жаңбыр жаууы мүмкін.
Су басу қаупінің алдын алу және оларды жедел жою мақсатында қалалық қызмет тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды.
Атап айтқанда:
- 104 бірлік арнайы техника;
- 74 мотопомпа;
- 12 ассенизаторлық көлік (оның бір бөлігі су басу қаупі бар аймақтарға орналастырылған);
- 425 жол қызметкерінен құралған 75 жедел бригада;
- 2300 дана құм толтырылған қап дайындалды.
Сонымен қатар Алматы қаласының Құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері де күшейтілген кезекшілік атқаруда. Жалпы қала бойынша тәулігіне 2,7 мыңнан астам жол қызметкері мен 1,2 мыңнан астам техника жұмылдырылған.
Жұмыс тәулік бойы тоқтамайды. Барлық қызмет ауа райының өзгерістеріне жедел әрекет етуге және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын.