Астанада "Көркем-3" тұрғын үй кешенінде суицид жасау әрекеті: жас жігіт қамауға алынды
Фото: Zakon.kz
Астана қаласында көпқабатты үйдің шатырынан секірмек болған жас жігіт қамауға алынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты 2026 жылғы 23 сәуірде азамат Н.-ға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
"Сотпен анықталғандай, 2026 жылғы 20 сәуірде Н. алкогольдік мас күйінде "Көркем-3" тұрғын үй кешені шатырында болып, өз әрекетінің салдарын біле тұра, үйдің шетіне шыққан. Осылайша ол қоғамдық тәртіпті бұзған. Құқық бұзушының әрекеті демонстративті сипатта болып, көпқабатты тұрғын үйдің шатыр шетінде тұруымен, жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын елемеуімен, өз қауіпсіздігіне қауіп төндіруімен және айналасындағылардың алаңдауына себеп болуымен сипатталған. Бұл оның қоғамға айқын құрметсіздік танытқанын көрсетеді", – делінген сот хабарламасында.
Сот отырысында жас жігіт кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген. Ол сол күні мас болғандықтан өз әрекетін толық бақылай алмағанын айтып, ісін сүйіктісімен болған жанжалмен және шатырдан секіру ниетімен түсіндірген.
"Аталған баптың санкциясы 20 АЕК көлемінде айыппұл салуды, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауды көздейді. Сот қаулысымен Н. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", – деп хабарлады сот.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Құқық бұзушы – 18 жастағы жас жігіт. Ол 20 сәуірде 21 қабатты үйдің шатырында байқалған. Бұл "Көркем-3" тұрғын үй кешені бұрын балалардың өмірін қиған қайғылы өрт оқиғасымен де белгілі.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript