Қазақстанда 108 мыңнан астам адам зиянды әдеттерге тәуелді ретінде есепте тұр

Врач, врачи, доктор, доктора, прием у врача, осмотр врача, осмотр у врача, пациент, пациенты, больница, поликлиника, медицинское учреждение, медучреждение, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.04.2026 13:13 Фото: Zakon.kz
Елімізде зиянды заттарға тәуелділік салдарынан психикасы мен мінез-құлқында ауытқуы бар 108 мыңнан астам адам ресми есепке алынған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында мәлім болды.

Деректерге сәйкес, олардың шамамен 18 мыңы есірткіге тәуелді болса, 90 мыңнан астамы алкогольге әуес. Сонымен қатар, құмар ойындарға тәуелді азаматтардың саны 450 мыңға жуықтайды.

Мамандардың айтуынша, нашақорлықтан ем алғандардың 70-80 пайызы алғашқы жылдың ішінде қайтадан зиянды әдетке оралады. Осыған байланысты жиында алдын алу, ерте анықтау, емдеу, оңалту және қайта әлеуметтендіруді қамтитын бірыңғай көмек жүйесін қалыптастыру ұсынылды, деп жазады qazaqstan.tv.

Заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес аясында елімізде 2400 интернет-казино бұғатталған. Қазіргі таңда республика бойынша 47 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Алайда сарапшылар олардың санын арттыру қажеттігін алға тартуда.

Жиын қорытындысында елде наркологиялық қызметтің заманауи моделін енгізу және емдеу хаттамаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігі атап өтілді.

Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова емдеу жүйесінде бірқатар мәселе бар екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі клиникалық хаттамалар ескірген, ал емдеу көбіне стационарлық форматта жүргізіледі. Ал әлемдік тәжірибеде, мысалы АҚШ-та, амбулаториялық емдеу мен оңалту жүйесі кеңінен дамыған.

Сондай-ақ салада кадр тапшылығы байқалады – шамамен 300 маман жетіспейді. Осыған байланысты кадр даярлау мен емдеу тәсілдерін жаңғырту басты міндеттердің бірі ретінде аталды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: