Қазақстанға 34 градусқа дейін аптап ыстық келеді
Фото: pixabay
Мамандардың айтуынша, алдағы үш күнде найзағайлы жаңбыр жауады. Оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнгі уақытта жаңбыр және сулы қар түріндегі жауын-шашын күтіледі.
"Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін, сондай-ақ жел күшейеді. Түнгі және таңғы уақыттарда тұман түседі", – делінген "Қазгидромет" РМК хабарламасында.
Сонымен қатар солтүстік және орталық өңірлерде бұл күндері негізінен ашық әрі құрғақ ауа райы сақталады.
Оңтүстік өңірлерде 28–29 сәуір аралығында жауын-шашынсыз ауа райы күтілсе, шығыс аймақтарда 29–30 сәуір күндері жауын-шашын болмайды.
Бұдан бөлек, оңтүстік-батыс пен оңтүстікте шаңды дауыл тұруы ықтимал.
Температуралық көрсеткіштерге келсек, батыс, солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде 28–29 сәуір түнгі уақытта ауа температурасы -3°C-қа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.
Күндізгі уақытта ауа температурасы біртіндеп көтеріледі:
- батыста +15…+20°C
- солтүстік-батыста +17…+25°C
- солтүстікте +21…+26°C
- орталықта +21…+30°C
- шығыста +19…+27°C
- оңтүстікте +25…+34°C
- оңтүстік-шығыста +22…+27°C
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 27 сәуірге арналған дауылды ескерту жариялаған болатын.