Алматы облысында ер адам мас күйде туған әкесін өлтірді
Фото: Zakon.kz
Қайғылы оқиға 2024 жылғы 10 қазанда Райымбек ауданының Қайнар ауылында сотталушы мен оның әкесі арасында жеке бас араздығы негізінде жанжал туындаған. Жанжал барысында алкогольдік масаң күйде болған сотталушы жәбірленушінің басы мен дене тұсына қолымен және аяғымен бірнеше рет соққы жасаған.
"Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің өлімі кеуде қуысының жабық доғал жарақаты, қабырғалардың көп мәрте сынуы және өкпенің зақымдануы салдарынан туындаған травматикалық шок нәтижесінде болған. Сарапшылардың анықтауынша, дене жарақаттары кемінде 15 рет соққы жасаудан келтірілген және өмірге қауіпті ауыр дәрежедегі зиян ретінде бағаланған",- делінген ақпаратта.
Басты сот талқылауы барысында сотталушы кінәсін мойындамады. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде берген бастапқы айғақтары, сондай-ақ куәлардың көрсетулері, тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен сараптама қорытындылары оның қылмысқа қатыстылығын дәлелдеді.
Осылайша, сот оны адам өлтіру қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеумен 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сотталғаннан сот сараптамаларын жүргізуге жұмсалған процестік шығындар және Жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Қостанай облысында анасын қорғамақ болған жасөспірім қаза тапқанын жазғанбыз.