Demoscope сауалнамасы: "Әділетті Қазақстан" бағыты көпшіліктің қолдауына ие
Фото: Zakon.kz
Сауалнама қорытындысына сәйкес, ең жоғары сенім деңгейі мемлекет басшысына тиесілі. Респонденттердің 61,3%-ы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдірген, бұл барлық билік тармақтары арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Басқа мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі мынадай:
- Қазақстан Үкіметі – 47,4%
- жергілікті әкімдіктер – 50,2%
- Парламент – 40,5%
- құқық қорғау органдары – 46,8%
- сот жүйесі – 43,7%
Зерттеу нәтижелері бойынша барлық мемлекеттік институттарда сенім білдірушілердің үлесі сын көзбен қарайтын азаматтардан айтарлықтай жоғары екені байқалады.
Сонымен қатар қазақстандықтардың 72,4%-ы елдің даму бағытын дұрыс деп санайды: олардың 44,6%-ы "дұрыс бағытта" деп нақты жауап берсе, 27,8%-ы "көбіне дұрыс бағытта" деп жауап берген. Бұл елдің бағытына күмәнмен қарайтындардың үлесінен шамамен 3,5 есе жоғары.
Мемлекет жариялаған "Әділетті Қазақстан" бағыты да айтарлықтай қолдауға ие болған. Сауалнамаға қатысқандардың 55,6%-ы бұл ұранның нақты іс-әрекеттермен сәйкес келетінін айтқан.
Зерттеу еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық облыстарда жүргізілген. Қатысушылардың 65,8%-ы сауалнамаға қазақ тілінде жауап берген.