Денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрілер тізімін жаңартты
Фото: pexels
Жобаға сәйкес, клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген 23 инновациялық дәрі 16 түрлі ауру түрі (нозология) бойынша тізімге қосылады.
Атап айтқанда, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар балаларды емдеуге Ивабрадин және Сакубитрил/Валсартан препараты енгізіледі.
Ауыр бронхиалды астмаға шалдыққан науқастар үшін Омализумаб дәрісі қарастырылған.
Сонымен қатар, ювенильді артритті емдеу мүмкіндіктері кеңейтіліп, тізімге Канакинумаб, Тоцилизумаб, Голимумаб және Адалимумаб препараттары енгізілмек.
Жалпы, жаңартылған тізімге 23 инновациялық дәрі қосылады. Сонымен бірге, қазіргі емдеу стандарттарына сай келмейтін бірқатар дәрілер тізімнен шығарылып отыр. Бұл амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Министрлік мәліметінше, өзгерістер Формулярлық комиссияның шешімдеріне негізделген және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Нәтижесінде пациенттер заманауи клиникалық ұсынымдарға сай ем алатын болады.
Жаңартылған тізім қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында 20 мамырға дейін орналастырылған.