Павлодарда жүк көлігімен адамдарды заңсыз тасымалдамақ болған күдікті ұсталды
Сурет: ҚР ІІМ
Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында мемлекеттік шекара арқылы заңсыз транзит ұйымдастыру әрекетінің жолы кесілді. Жедел іс-шара нәтижесінде Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталған.
Тергеу мәліметінше, күдікті өз отандастарын Ресей Федерациясы арқылы Қазақстан аумағына заңсыз кіргізудің схемасын ұйымдастырған. Бұл мақсатта ол MAN жүк көлігі пайдаланған.
Көлікті тексеру кезінде адамдарды жасырын тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған құпия орын анықталды. Автокөлік тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ол заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, көлік құралын қылмыстық мақсатта пайдалану және өзге де ықтимал құқық бұзушылықтар бойынша күдікке ілінген.
Жаслан Танжанов айтуынша, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Полиция заңсыз көші-қон арнасына қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.